Жарылғыш зат туралы жалған ақпарат – қылмыс
Біз көбіне балалар мен жасөспірімдердің қатыгез әзілдері мен ойланбай жасалған әрекеттері туралы естіп жатамыз. Бұл – бомба қойылды деген жалған хабарлар. Егер мұндай әрекетті кәмелетке толған жас азамат жасаса, ол өз ісіне өзі толық жауап береді. Ал, егер бұны кәмелетке толмаған бала істесе, оның әрекетіне ата-анасы немесе заңды өкілі жауапты болады, – деп хабарлайды «Aulieatаnews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Мәселен, Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың 15 ақпанында Тараз қаласындағы «Mart» сауда орталығында жарылғыш құрылғы қойылды деген хабарлама «102» пультіне түскен. Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері, ҰҚК өкілдері, құтқарушылар, жедел әрекет ету жасағы, тергеу-жедел тобы мен кинологтар келіп жеткен. Мамандар сауда орталығының қызметкерлері мен келушілерін бірден эвакуациялап, ғимаратты тексеруге кіріскен. Нәтижесінде жарылғыш зат табылған жоқ. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Мұндай жағдайлар еліміз бойынша бірнеше рет тіркелген. Осыған байланысты тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске салады.
Сондай-ақ жақында Жаңаөзен тұрғыны баласының мектепке бомба қойылды деген жалған ақпараты үшін жауапқа тартылды. Баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау фактісі бойынша іс (ӘҚБтК 127-бабының 3-бөлігі) Маңғыстау облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
2025 жылдың 18 наурызында кәмелетке толмаған бала «102» нөміріне қоңырау шалып, Жаңаөзендегі мектептердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы көрінеу жалған хабар берген. Сот отырысында баланың анасы өз кінәсін мойындап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келісетінін айтты. Ол болған оқиғаға өкінетінін білдіріп, ұлына тәрбиелік жұмыс жүргізгенін түсіндірді.
ӘҚБтК 127-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ата-анаға 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
Сот жаза тағайындау кезінде кінәні мойындау секілді жеңілдететін мән-жайларды ескерді, ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Нәтижесінде анасына 20 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салу жөнінде шешім шығарылды.
Бұған дейін Семейде пластмасса ойыншықпен ойнап жүрген баланы құтқарушылардың көмегімен құтқаруға тура келген жағдай тіркелген.
Осыған байланысты Жамбыл және басқа да облыстардың оқу орындарында полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлармен бірлескен кездесулер, дөңгелек үстелдер мен түсіндіру жұмыстары өткізіліп жатыр. Бұл кездесулерде мектеп, колледж және ЖОО оқушыларына мұндай ақымақтық әзілдердің немен аяқталатыны және ол үшін қандай жауапкершілікке тартылатыны кеңінен түсіндіріледі.
Сондықтан да үмітіміз – осындай алдын алу шаралары өсіп келе жатқан жас ұрпаққа пайдасын тигізіп, олар әрбір әрекеті мен айтатын сөзі үшін ойланатын, жауапты тұлға ретінде қалыптасады.