Жаңатаста «Жас сақшы» сыныбы ашылды
Жаңатас қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназияда құқықтық тәрбие мен патриоттық рухты нығайтуға бағытталған «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Іс-шараға облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев, аудандық полиция бөлімінің басшылығы, білім саласының өкілдері мен мектеп ұжымы қатысты. Салтанатты жиын барысында 9-сыныптың 20 оқушысы арнайы сыныпқа қабылданып, «Жас сақшы» атағын иеленді.
Облыстық полиция департаментінің бастығы жасөспірімдерді жаңа бастамамен құттықтап, бұл жобаның жас ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– «Жас сақшы» сыныбы – болашақта ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, заң мен тәртіпті ту еткен азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды жоба. Бұл бастама оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, отансүйгіштік қасиеттерін арттырады, – деді Қайсар Сұлтанбаев.
Салтанатты рәсімде жас сақшылар ант қабылдап, заңға құрметпен қарап, қоғам тыныштығын сақтауға үлес қосуға серт берді. Бұл сәт оқушылар үшін ерекше жауапкершілік пен мақтанышқа толы болды.
Сонымен қатар іс-шара аясында мектеп директоры мен аудандық полиция бөлімінің бастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат құқықбұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасында тәртіп пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ білім беру ұйымдары мен полиция қызметі арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Айта кетейік, «Жас сақшы» жобасы оқушылардың азаматтық жауапкершілігін арттырумен қатар, олардың болашақ мамандық таңдауына оң әсер етеді. Жоба аясында жасөспірімдер құқық қорғау саласының қызметімен танысып, тәртіп, адалдық және заңға бағыну қағидаларын бойына сіңіреді.