Жаңа зауытта жоғары сапалы күйдірілген әк өндіріледі

0 8

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестиция тарту жөнінде тапсырмалар бергені белгілі. Президенттің осы тапсырмаларын орындау аясында «Тараз» индустриялық аймағында жылына жетпіс мың тонна жоғары сапалы күйдірілген әк өндіруге қабілетті жаңа зауыт жұмысын бастады. Аймақтың өндірістік әлеуетін күшейтетін бұл маңызды нысанның ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Жамбыл Invest: жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары» республикалық баспасөз турына қатысушы журналистер және жергілікті тұрғындар қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жаңа нысанның ашылу салтанатында Ербол Қарашөкеев жаңа зауыттың өңір экономикасы үшін маңызын атап өтті.

— Бұл жоба Мемлекет басшысы жүктеген міндеттермен толық үндес. Біздің басты мақсатымыз – аймақ экономикасын жаңа деңгейге көтеретін өндірістерді арттыру және инвесторлармен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту. Инфрақұрылым тарту, инженерлік желілермен қамтамасыз ету және әкімшілік қолдау көрсету жұмыстары тұрақты жалғасады. Жаңа кәсіпорын өңірдің өркендеуіне зор үлес қосады деп сенеміз, — деді облыс әкімі.

Зауыттың бастамашысы — «KazGeoEnergy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын өңірдегі бірінші санаттағы күйдірілген әк шығаратын жалғыз өндіріс орны саналады. Күйдірілген әк құрылыс индустриясында силикат кірпіш, газоблок, цемент және әртүрлі әрлеу материалдарын өндіруге, металлургияда кенді байыту және қоспаларды бөлу кезінде флюс ретінде, химия өнеркәсібінде сода, кальций карбиді, ацетилен және лак-бояу өнімдерін жасауға, азық-түлік секторында қант, нан және сүт өнімдерін әзірлеуде, сондай-ақ «Е-529» тағамдық қоспасының құрамында кеңінен пайдаланылады. Шикізат кәсіпорынға тиесілі жеке карьерден алынып, әктасты өндіруден бастап, дайын өнімге дейінгі барлық кезеңде сапаны бірізді бақылауға жағдай жасалған. Жаңа өндіріс ошағы озық технологиялармен жабдықталған. Атап айтқанда, немістің «Siemens AG» мониторинг жүйесі өндірістің әр кезеңін жоғары дәлдікпен бақылауға мүмкіндік береді.

Жаңа зауыттың іске қосылуы облысымыздың өнеркәсіптік дамуы үшін маңызды қадам. Кәсіпорын аймақ экономикасына серпін беріп, импортты алмастыруға, отандық өндірісті нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады. Сонымен қатар, жалпы құны екі миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын жүз жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында облыстың 919 кәсіпорнында еңбек ететін 41 мың адамның еңбегі нәтижесінде бір триллион теңгенің өнімі өндіріліп, облысымыз республика өңірлері арасында бірінші орынға шықты.