Жаңа Конституция – жастарға бағытталған болашақтың бағдары

0 7

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары аясында ауданның белсенді жастарымен кездесіп, ел дамуы үшін маңызды саналатын Конституциялық реформа мәселелерін талқылады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Кездесу барысында өңір басшысы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасына кеңінен тоқталып, оның негізгі өзегі – білім мен ғылымды дамыту, мәдени құндылықтарды жаңғырту және инновациялық бағыттарды қолдау екенін атап өтті. Бұл басымдықтар жастардың зияткерлік әлеуетін арттырып, олардың жаһандық бәсекеге қабілетті болуына жол ашатынын айтты.

Облыс әкімі жастарды қоғамның басты қозғаушы күші ретінде бағалап, елдегі ауқымды реформаларды жүзеге асыруда олардың белсенділігі мен азаматтық ұстанымы ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Оның айтуынша, Конституциялық өзгерістерді халық арасында түсіндіру мен қолдауда жастардың үлесі айрықша.

Еркін форматта өткен басқосуда түрлі салада еңбек етіп жүрген жас мамандар өз ой-пікірлерін ортаға салды. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Жұманазаров жастар арасында Конституциялық реформаға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының барысы жөнінде баяндама жасады.

Сондай-ақ жас мемлекеттік қызметші Ақбөпе Құсанбай Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістердің қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, өз көзқарасын білдірді.

– Конституциялық реформа – ел дамуына, Әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңа Ата заң адам құқықтары мен бостандықтарын нығайтып қана қоймай, жастардың ел тағдырына белсенді араласуына кең мүмкіндік береді деп сенемін. Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін жауапкершілікпен еңбек ете береміз, – деді ол.

Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, естелік суретке түсті. Жастар жаңа Конституция елдің тұрақты дамуына негіз болатынына сенім білдіріп, алдағы қоғамдық үдерістерге белсенді қатысуға дайын екендерін жеткізді.