Жаңа әкімді таныстырды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының жиналысына қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Жиналыс барысында депутаттарға Мемлекет басшысының Алматы қаласының әкімі лауазымына екі кандидатты – Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановты ұсыну туралы хаты оқылды.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 32 депутаттың 23-і Дархан Сатыбалдының кандидатурасына дауыс берді. Бейбіт Шахановтың кандидатурасын 9 депутат жақтады.
Президенттің тиісті Жарлығымен Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.
Қала активімен кездесуде Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ерболат Досаевқа қаланың қаржы-экономикалық әлеуетін дамыту жөніндегі белсенді жұмысы үшін алғысын білдірді. 2024 жылы қаланың Қазақстанның ІЖӨ-ге қосқан үлесі 21,8%-ға дейін өсті. Мегаполисте Президенттің тапсырмасы бойынша бюджетті орталықсыздандыру, абаттандыру, жаңа әлеуметтік нысандар салу тағы басқа жұмыстар жүргізіліп келеді.
Премьер-министр қала активіне жаңа әкім Дархан Сатыбалдыны таныстыра келе, Мемлекет басшысының Алматы әкімдігінің алдына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және экономика құрылымын әртараптандыру, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту және қоғамдық кеңістіктерді кеңейту бойынша міндеттер қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ жол-көлік жүйесі, экология, өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT-сектор, креативті индустрия саласында тапсырмалар берілді.