Жамбылдықтар Дінмұхамед Қонаевты еске алды
12 қаңтар – қазақ халқының тарихында айрықша орны бар мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Осы атаулы датаға орай Жамбыл жұртшылығы ұлттың ұлы перзентіне тағзым жасап, оның рухына құрмет көрсетті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Облыс орталығында орналасқан Дінмұхамед Қонаевтың қоладан құйылған еңселі ескерткішінің алдына жиналған көпшілік гүл шоқтарын қойып, заңғар тұлғаның ел дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегін еске алды. Тағзым ету рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Жиын барысында қатысушылар Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мемлекет басқарудағы кемел көрегендігі, халқына деген адалдығы мен парасатты тұлғалық болмысы туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ғылым мен мәдениеттің өркендеуіне зор үлес қосқан қайраткердің өнегелі өмір жолы жас ұрпақ үшін үлгі екені айтылды.
Айта кетейік, Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық филиалының алдында бой көтерген ескерткіш көрнекті тұлғаның 110 жылдық мерейтойы қарсаңында салтанатты түрде ашылған болатын. Қоладан құйылған монументтің жалпы биіктігі 4 метрді құрайды. Бұл ескерткіш – ел тарихында өшпес із қалдырған қайраткерге деген халық құрметінің айқын көрінісі.
Мұндай тағылымды іс-шаралар ұлт тарихын ұлықтап, өткенге тағзым ету арқылы өскелең ұрпақтың санасында отансүйгіштік пен елжандылық сезімін қалыптастыруға зор ықпал ететіні анық.