Жамбылдықтар бірлік күнін кең көлемде атап өтті
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты мерекелік іс-шара өтті, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Аталған мерекелік шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, көпшілікті мәні мен мағынасы зор мерекемен құттықтады.
– Біз бірлік пен келісімнің арқасында тәуелсіз мемлекетті қалыптастырып, зор жетістіктерге жеттік. Түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ пен бір тудың астынан табылып, еңселі ел, іргелі мемлекетке айналдық.
Ынтымағы жарасқан Жамбыл жерін мекен ететін 87 этнос өкілі еліміздің тұрақтылығына атсалысып, өңірдің қай саласында болмасын елеулі еңбектің үлгісін көрсетуде. Мемлекет пен қоғам арасында сындарлы диалог орнатуға өңірдегі 78 этномәдени бірлестік өз ықпалын тигізуде.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Бейбітшілік пен ортақ келісім болған жерде ел игілігі үшін нәтижелі істер де жасалатыны анық.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ассамблеяның ХХХІV сессиясында жүктеген міндеттерін жамбылдықтармен бірге жемісті жүзеге асыратынымызға сенімім мол.
Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін! – деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада өңірдің этносаралық келісімін нығайтуға елеулі үлес қосқан жамбылдықтар марапатқа ие болды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес бірқатар азаматқа «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» медалін, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, сондай-ақ Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.
Этномәдени бірлестіктер мен К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы әртістерінің концерттік бағдарламасы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара «Достық» биімен түйінделді.