Жамбылдың жастары – жеңіс биігінде
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев биылғы оқу жылында халықаралық және республикалық білім бәсекелерінде топ жарған өңірдің 132 үздік оқушысымен кездесті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Бұл – тек құрмет емес, болашаққа деген зор үміттің белгісі. Білім мен ғылымға деген ынта-жігері мен табандылығының арқасында ел мерейін үстем еткен жас буын – облыстың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы.
– Сіздердің тынымсыз ізденістеріңіз бен талмай еңбектенуіңіздің нәтижесінде Жамбыл өңірінің атағы алысқа жайылып келеді. Бұл жетістік – үлкен өмірге жасалған сенімді қадам, болашағыңыздың берік іргетасы. Бүгінгі табыстарыңыз – ертеңгі елдің кемел келешегіне апаратын алтын көпір, – деді Ербол Қарашөкеев.
Кездесу барысында аймақ басшысы жас дарындардың ата-аналары мен ұстаздарына да шынайы алғысын білдіріп, ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбектерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ мектеп бітіруші 14 мыңнан астам түлекке алдағы сынақтарда сәттілік тіледі.
2024–2025 оқу жылында Жамбыл облысының оқушылары түрлі білім додаларында 464 жүлдеге ие болды. Оның 77-сі – халықаралық жарыстардан. Бұл – облыстың білім беру саласының сапасы мен жүйелі жұмысының айғағы.
Республикалық пән олимпиадасы қорытындысында жамбылдық оқушылар «Ең үздік олимпиадалық команда» атанса, ғылыми жобалар байқауында өңірдің командасы қатарынан 16 жыл бойы үздік атанып келеді.
Білім сапасының тағы бір айғағы – облыстағы 5 мектептің «Қазақстанның 100 үздік мектебі» тізіміне енуі. Олар:
-
Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты;
-
Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты;
-
Тараз қаласындағы №41 мектеп;
-
Б. Бесбаев атындағы мектеп-гимназия;
-
Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназия.
Сондай-ақ Абай, Мағжан, Ілияс, Әбіш, Шерхан оқулары сынды рухани байқауларға қатысқан 109 оқушының 76-сы жүлдегер атануы – облыстың тек жаратылыстану саласында ғана емес, әдебиет пен руханият бағытында да көш бастап келе жатқанын аңғартады.
Кездесуде сөз сөйлеген Қанат Нұрғанат (Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты) пен Диас Жолшыбек (М. Жылысбаев атындағы мектеп, Меркі ауданы) замандастары атынан мемлекетке және облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Дарынды оқушыларға облыс әкімінің құттықтау хаты мен қаржылай сертификаттары табысталды. Ал, олардың жетістігіне жол ашқан 12 педагог «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхаттарымен марапатталды.
Шара соңында әкім Ербол Қарашөкеев озат оқушылармен бірге естелік суретке түсіп, әрбірінің болашағына сенім білдірді.
– Жамбылдың жастары білім көкжиегін бағындырып, елдің еңсесін көтеріп жүр. Ендігі міндет – осы биіктікті сақтап, одан әрі асқақтату. Болашақ – білімді ұрпақтың қолында, – деді өңір басшысы.