Жамбылда сутек технологиясына негізделген алғашқы металлургия зауыты салынып жатыр

0 4

Жамбыл облысындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында толық өндірістік циклді металлургия комбинатының құрылысы бойынша ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Инвестор – Қытайдың «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd.» компаниясы.

Қазіргі таңда инвестициялық келісім жасалып, бөлінген жер учаскелерін құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындау қарқынды жүргізіліп жатыр. Индустриялық аймаққа теміржол, электр желілері және табиғи газ секілді негізгі инфрақұрылым толық тартылған, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Құрылыс кезеңінде 1,5 мыңға жуық уақытша жұмыс орны ашылады. Ал зауыт іске қосылғаннан кейін 2,5 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Инвестор компания жұмыс күшінің кемінде 90 пайызын жергілікті тұрғындардан алуды жоспарлап отыр.

Жобаны жүзеге асыру екі кезеңге бөлінген: 2025 жылдан 2029 жылға дейін. Зауытты пайдалануға беру 2027 жылға белгіленген. Ал келесі екі жыл ішінде өндірістік қуатты арттыру шаралары қолға алынбақ. Жалпы инвестиция көлемі – 756 миллион АҚШ доллары. Жаңа кәсіпорын темір кенін заманауи сутек технологиясымен өңдеп, жылына 3 миллион тоннаға дейін өнім шығаруға қабілетті болмақ.

Айта кетерлігі, бұл – елімізде сутек негізіндегі шахта пешін пайдаланатын алғашқы металлургиялық кешен болғалы отыр. Жоба металлургия саласын «жасыл» технологияларға көшіру бағытына толық сай келеді.

«Fujian Hengwang Investment Co., Ltd.» басқарма төрағасының орынбасары Ли Чжундун зауыт толық қуатына шыққанда, оның өнімі ішкі нарықтағы болат тапшылығын толығымен өтеп қана қоймай, Орталық Азия елдерімен қатар Украина мен Еуропа нарығына да экспортталатынын айтты. Оның айтуынша, бұл жоба елдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, логистика, кен игеру, қоғамдық тамақтану және туризм секілді ілеспе салаларға да тың серпін береді.

Сондай-ақ, жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да қосар үлесі мол. Инвестор компания Шу қаласында тұрғын үй кешендерін, балабақшалар мен саябақтар салып, инфрақұрылымды абаттандыруға, көгалдандыру мен әлеуметтік бастамаларды тұрақты түрде қолдауға ниетті.

Бүгінде «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd.» Қытайдағы үш бірдей металлургиялық кәсіпорынды басқарып, жылына 23 миллион тоннаға дейін болат өндіретін ірі әлемдік өнеркәсіптік холдинг саналады. Компанияның жалпы инвестициялық портфелі 6 миллиард доллардан асады. Қазақстандағы еншілес құрылымы – «Yonggang Central Asia Iron and Steel» ЖШС – арнайы экономикалық аймақтың (АЭА) қатысушысы мәртебесіне ие.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айында Премьер-министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Jibek Joly» АЭА аумағындағы осы ірі инвестициялық жобамен танысқан болатын.