Жамбылда сала мамандарына марапат пен жаңа техника табысталды

0 10

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Ауылшаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Дала еңбегі – ел ырысы» тақырыбында ұйымдастырылған жиын Үкімет басшысының құттықтау хатымен ашылып, оны өңір басшысы жиналған қауымға оқып берді. Облыс әкімі өз сөзінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдарына ризашылығын білдірді. 2025 жылы ауылшаруашылығын дамытуға 48,6 миллиард теңге бөлініп, 5 мыңнан астам шаруа қожалығы мемлекеттік қолдауға ие болды. Соның нәтижесінде 485,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 39,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. 640 мың гектар егістік алқабынан 3,3 миллион тонна өнім жиналды. Ауыл еңбеккерлері 858 бірлік жаңа техника сатып алып, техникалық жаңару деңгейі 6,3 пайызға жетті. Мал шаруашылығы саласында ет өндірісі 2,2 пайызға, сүт көлемі 1,7 пайызға артты. Сондай-ақ 410 мың тонна пияз экспортталып, өңір республика бойынша көшбасшы атанды.

– Ауылшаруашылығы – халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты маңызды сала. Ел дастарқанының мол болуы, ауылдың көркеюі, халықтың табысы Сіздердің маңдай терлеріңізге байланысты. Қай кезде де жердің берекесін арттырып, тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Сіздерге алғыс айту – біздің парызымыз. Баршаңызға адал еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! – деді облыс әкімі.

Салтанатты іс-шара барысында сала үздіктеріне «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» медальдері, сондай-ақ Премьер-Министрдің, Ауылшаруашылығы министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттары табысталды.

Мереке аясында мал дәрігерлеріне 50 «Нива» маркалы қызметтік автокөлік, заманауи ветеринариялық құрал-жабдықтар және сала мамандарына арналған арнайы қыстық киімдер берілді. Айта кетейік, жыл басында да 50 автокөлік табысталған болатын.

– Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Бұған дейін мал дәрігерлері тозығы жеткен көліктермен жұмыс істеуге мәжбүр болды. Ал қызметіміз тікелей автокөлікке байланысты. Бүгін бес жаңа қызметтік көлікке ие болдық, – дейді Талас аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Берік Қаратаев.

Сонымен қатар орман шаруашылығы қызметкерлеріне 9 «Газель», 4 «Toyota Hilux», 15 «JAC» маркалы кіші өрт сөндіру автокөлігі, 17 мотоцикл және 15 пилотсыз ұшу аппараты тапсырылды.