Жамбылда қомақты есірткі тасымалдамақ болған күдіктілер ұсталды
Жамбыл облысында полицейлер ірі көлемдегі есірткі тасымалдау әрекетінің жолын кесті. «Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті, облыстық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және патрульдік полиция қызметкерлері бірлесіп «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының 583-шақырымында «Audi-100» маркалы көлікті тоқтатқан, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Көлікте көрші облыстардың екі тұрғыны – жүргізуші мен жолаушы болған. Арнайы үйретілген Барон атты қызметтік иттің көмегімен тексеру жүргізілген кезде, көліктің артқы орындығынан 3 қап, ал жүксалғышынан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған тағы 9 қап табылған. Сараптама қорытындысы бұл заттардың жалпы салмағы 66 келіге жететін кептірілген марихуана екенін растады.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен (аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе сату) сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта күдікті екі азамат уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Ұстау облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген.