Жамбылда Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні кең көлемде аталып өтті

0 137

Бүгін 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына орай Жамбыл облысы Полиция департаментінің саптық алаңында ерекше салтанатты іс-шара өтті. Ел тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларына арналған бұл жиын – олардың ерен еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Іс-шара ҚР Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты департаментінің бастығы Олжас Мырзабековтың жетекшілігімен өтті. Ол жиналғандарды қос мерекемен құттықтап, Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің атынан адал қызметімен көзге түскен полиция қызметкерлері мен ардагерлерге марапаттар табыстады.

Салтанатты жиында ерекше атап өтілген оқиғалардың бірі – Жамбыл облысында саяхаттап жүрген шетелдік туристке көрсетілген көмек болды. Патрульдік полиция батальонының инспекторлары Дидар Қожантаев пен Айбек Алиханұлы, сондай-ақ Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Ерлан Битанов шетелдік азаматшаның жоғалған құжаттарын тауып, өз қолдарымен табыс еткен. Сонымен бірге, олар оның көлігіне жанармай құйып, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шығарып салған. Осындай адамгершілік пен кәсіби жауапкершіліктің үлгісі үшін тәртіп сақшылары ведомстволық марапаттарға ие болды.

Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев өз сөзінде ішкі істер органдары ардагерлеріне ерекше алғыс білдіріп, олардың құқық қорғау саласындағы бай тәжірибесі жас мамандар үшін бағдар екенін атап өтті. Ол ардагерлердің адалдығы мен отансүйгіштігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін ерекше атап өтті.

Мерекелік шеруде облыс әкімдігі мен мәслихат атынан қоғамдық тәртіпті сақтау мен заңдылықты қамтамасыз етудегі жоғары жетістіктері үшін бірқатар қызметкерлерге Алғысхаттар табысталды.

Салтанатты жиын Полиция департаментінің оркестрінің сүйемелдеуімен өткен шерумен аяқталып, жеке құрам қызметтік орындарына тарқасты.

Осындай мерекелік іс-шаралар құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегіне деген елдік ризашылықты білдіріп қана қоймай, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікке бейжай қарамайтын жандардың көп екенін тағы бір дәлелдеді.