Жамбылда медициналық қызмет сапасын арттыруға күш салынуда

0 82

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте өңірдегі денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері қаралды. Басқарма басшысы Сержан Назарбек баяндамасында саланың қазіргі жай-күйі мен алда атқарылатын жұмыстар жөнінде кеңінен тоқталды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бүгінде облыс тұрғындарының денсаулығын қорғау бағытында бірқатар скринингтік тексерулер жүргізілуде. Атап айтқанда, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, глаукома секілді кең таралған дерттерге тұрғындардың шамамен 70 пайызы тексеруден өткен. Әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігін анықтау көрсеткіші 67 пайызды, жатыр мойны обыры бойынша скрининг 72 пайызды құраса, ішек қатерлі ісігі бойынша бұл көрсеткіш 69 пайызға жеткен.

Алайда салада шешімін күткен түйткілдер де жоқ емес. Қазіргі таңда облысқа 109 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін жергілікті бюджет есебінен резидентураға гранттар бөлініп, мамандар даярлау жолға қойылған. Соңғы бес жылда 157 грант қарастырылып, 42 түлек өңірлік емдеу мекемелерінде қызметін бастаған. Қазір тағы 84 жас маман резидентурада білім алуда. Бұл мамандар кемінде бес жыл бойы жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарында еңбек етуі тиіс.

Дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру ісі де назардан тыс қалған емес. Осы күнге дейін 1891 медицина қызметкері білімін жетілдірсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішке тағы 577 маман қосылуы тиіс. Облыс бойынша медицина кадрларын тұрақты қызметке ынталандыру мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары жалғасып жатыр.

Инфрақұрылымды жаңғырту бағытында биыл 173 медициналық құрал-жабдық сатып алуға 6 миллиард теңге бөлінген. Сонымен бірге ауылдық елді мекендерді жедел жәрдем көлігімен қамту үшін 60 санитарлық автокөлік алу көзделіп отыр.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 29 медициналық нысан ел игілігіне берілді. Қазіргі таңда Талас ауданындағы Ақкөл дәрігерлік амбулаториясының құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса, үш ауданда ауданаралық көпбейінді орталық ауруханаларды қайта құру және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Кеңес барысында Тараз қаласында халық санының артуына байланысты жаңа емхана ашу қажеттігі де көтерілді. №10 емхана А. Асқаров көшесінің соңындағы бұрынғы фтизиопульмонология орталығы ғимаратында орналасады деп жоспарлануда. Алдымен нысан дезинфекциядан өткізіліп, кейін күрделі жөндеуден өтеді. Облыс әкімі бұл жоспарды жан-жақты пысықтап, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар өңір басшысы әлеуметтік желілердегі тұрғындардың шағымдарына назар аударды. Кезекте көп тұру, тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізудегі қиындықтар, медициналық қызметтің сапасына байланысты мәселелер әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

– Қандай ғимарат салынса да, қанша құрал-жабдық алынса да басты назарда сапа болуы тиіс. Біз тек медициналық қызметтің сапасын арттыру арқылы ғана нақты нәтиже аламыз, – деген Ербол Қарашөкеев емханаларда жоспардан тыс тексерістер жүргізуді, медициналық қызметтің сапасын бақылау үшін денсаулық сақтау басқармасынан арнайы мониторинг бөлімін құруды жүктеді. Сонымен қатар ана өлімі, кадр тапшылығы, вакцинацияның баяу жүргізілуі сынды мәселелерді сынға алды.

Кеңес қорытындысында облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары мен денсаулық сақтау басқармасына медициналық мекемелердің бас дәрігерлерімен бірлесе отырып, нақты әрі нәтижелі жұмыс жүргізу тапсырылды.