Жамбылда халықаралық фестиваль басталды

0 195

Жамбыл облысында табиғат пен ғылым, мәдениет пен туризм тоғысқан ерекше халықаралық оқиға – «Қызғалдақ мұра» фестивалі басталды. Бұл ауқымды іс-шара өңірдің әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама ретінде бағалануда, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Фестиваль шымылдығы Тараз қаласында өткен ғылыми-тәжірибелік конференциямен ашылды. Оған Германия, Украина, Қырғызстан және Нидерланды елдерінен келген жетекші ғалымдар, биоалуантүрлілік, экология, ботаника және жаратылыстану ғылымдарының мамандары, сондай-ақ ЮНЕСКО өкілдері қатысты. Конференцияны Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков жүргізді.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев өз сөзінде туризмнің өңірлік экономиканы дамытудағы орны ерекше екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласындағы жоғары деңгейдегі іс-шаралардың маңыздылығын бірнеше рет айтқан болатын. Бұл фестиваль – сол сөздің жарқын дәлелі, – деді комитет төрағасы.

ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің Жаратылыстану ғылымдары бөлімінің меңгерушісі Елена Осипова ғылым мен туризмнің өзара байланысына тоқталып, мұндай конференциялар ғылыми қауымдастық пен мұраны сақтау мамандары үшін тиімді алаңға айналатынын айтты.

Баяндамалар барысында қатысушылар Жамбыл облысы аумағында өсетін 300-ге жуық қызғалдақ түрінің ішіндегі ең көрнектісі – Грейг қызғалдағы туралы кеңінен баяндады. Оның тарихи отаны саналатын Сырдария Қаратау жотасы, нақтырақ айтқанда Кіші Қаратау өңірі – әлемдік флора үшін баға жетпес қазына.

Конференция қорытындысы бойынша бірнеше бастама көтерілді. Атап айтқанда, Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізу ұсынылды. Сонымен қатар, Кіші Қаратауда қызғалдақтардың генетикалық қорын сақтау мақсатында арнайы геопарк құру жөнінде бастама айтылды.

Ғылыми жиыннан соң қонақтар үшін Жамбыл облысының көрікті аймақтарына экскурсиялар ұйымдастырылды.

Фестивальдің екінші күні Талас ауданының таулы аймағында орналасқан этноауылда өтеді. Бұл жерде концерттер, ғылыми-танымдық экскурсиялар, спорттық сайыстар мен түрлі ойын-сауық бағдарламалары жоспарланған. Сондай-ақ флористикалық көрмелер мен сән көрсетілімі өтіп, қымызмұрындық рәсімі ұйымдастырылады.

Фестиваль шарықтау шегіне жеткенде ерекше оқиға күтілуде – 100 қолөнерші бірлесіп, қызғалдақ өрнегімен көмкерілген үлкен киіз баспақ. Бұл туынды Қазақстан рекордтар кітабына енуі мүмкін.

«Қызғалдақ мұра» фестивалі Жамбыл облысының бай табиғи, мәдени және тарихи әлеуетін паш етіп қана қоймай, оны халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.