Жамбылда этномәдени бірлестіктермен жаңа Конституция жобасы талқыланды

0 17

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің мүшелерімен кездесіп, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасындағы негізгі жаңашылдықтар мен өзгерістерді саралады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси және қоғамдық реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, сол өзгерістердің өзегі – Конституциялық реформа екенін айтты. Оның пікірінше, жаңа Конституция жобасы ел дамуына тың серпін беріп, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

Облыс әкімі Конституция жобасындағы маңызды жаңашылдықтарға тоқталып, жаңа жалпыұлттық диалог алаңы – Қазақстанның Халық Кеңесін құру бастамасына ерекше назар аударды.

Жиында сөз алған облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан жаңа Конституция жобасында қоғамды алаңдатқан маңызды мәселелер жан-жақты қамтылғанын айтты. Сондай-ақ құжатта Әділетті Қазақстан, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттарының Конституция деңгейінде бекітілгенін ерекше атап өтті.

– Біз тарихи маңызы зор кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Жаңа Конституцияны қабылдау және оны келер ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ жауапкершілік. Сондықтан Конституциялық реформаға адалдықпен, тазалықпен әрі сауаттылықпен қарауымыз қажет. Ата Заңның әрбір бабы – мемлекетіміздің болашағы мен ел ертеңінің кепілі. Осыған орай, жалпыұлттық референдумға шығарылатын жаңа Конституция жобасына әрбір азамат белсенді қатысуы тиіс, – деді ол.

Өз кезегінде облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Гулам Умаров халықаралық тәжірибеге тоқталып, әлем елдерінің конституциялары уақыт талабына сай өзгеріп, толықтырылып отыратынын атап өтті.

Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірде Конституциялық реформаны, оның ішінде жаңа Конституция жобасын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру топтары құрылып, жүйелі жұмыс жүргізілуде.