Жамбылда есірткіге қарсы республикалық операция басталды
Жамбыл облысында жыл сайынғы республикалық «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы ресми түрде басталды. Шу ауданында ұйымдастырылған салтанатты жиында жастар, құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті билік пен қоғам белсенділері есірткіге қарсы бірлескен күреске үн қосты, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Іс-шара аясында есірткі қылмысына қарсы күресте қолданылатын заманауи техникалар мен жабдықтар таныстырылып, кинологиялық қызмет мамандарының қойылымдары мен түрлі тақырыптық флешмобтар ұйымдастырылды. Акция жастарға есірткінің зияны мен құқықтық жауапкершілігі жөнінде нақты әрі әсерлі ақпарат жеткізуге бағытталды.
Салтанатты жиында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйлеп, нашақорлықпен күрес – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, жастардың саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап, есірткінің алдын алу – келешекке салынған ең маңызды инвестиция.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев Мемлекет басшысының Жолдауында есірткіге қарсы іс-қимыл ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе ретінде көтерілгенін еске сала отырып, оңтүстік өңірлерде қарасора өсімдігін заңсыз дайындау мен тасымалдауға қарсы күресті күшейту қажеттігін айтты. Полиция бөлімдері бастықтарымен өткен кеңес барысында ол есірткі арналарын жою, ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу, синтетикалық есірткімен күресте арнайы тәсілдерді қолдану жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Кеңесте облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы да ауқымды баяндама жасап, есірткімен күрестегі заңнамалық негіздер мен қадағалау жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков пен бірнеше аудандық полиция бөлімдері басшыларының есебі тыңдалды.
Өткен 2024 жылы өңірде өткізілген «Қарасора-2024» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша, есірткіге қатысты 203 құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Оның 76-сы – есірткі қылмысы болса, 127-сі – қылмыстық теріс қылық ретінде рәсімделген. Заңсыз айналымнан 6 тоннаға жуық есірткі заты, оның ішінде 2 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленген. Сонымен қатар, жабайы қарасораны шабу және өртеу арқылы 1000 тоннадан астам есірткі өсімдігі жойылған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 780 тоннаға артық.
Осылайша, Жамбыл облысында есірткіге қарсы күрес тек құқықтық сипатта ғана емес, қоғамның қатысуымен жүзеге асырылып, кешенді шаралармен жалғасуда. «Қарасора-2025» операциясы – сол жүйелі жұмыстың бір бөлігі ғана. Ең бастысы – әр азаматтың өз болашағы мен ұрпағы үшін бұл мәселеге бейжай қарамауы.