Жамбылда ел қорғандары марапат биігінен көрінді

0 224

Жамбыл облысында ішкі істер органдары қызметкерлері мен ардагерлеріне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы шығарылып, Әнұран орындалды. Жиналғандар Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің құттықтау жеделхатын тыңдап, ізгі тілектерге құлақ түрді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Салтанатты жиында сөз алған Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Бақытжан Малыбаев қызметкерлер мен ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттерді атап өтті. Ол ішкі істер органдары қызметкерлерін заңдылықты қатаң сақтауға, қылмыспен күрес пен құқық қорғау саласындағы жауапкершілікті абыроймен атқаруға шақырды.

Бақытжан Малыбаев өз сөзінде ардагерлерге де ерекше алғыс білдіріп, олардың жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен өнегесі жас буын үшін баға жетпес мұра екенін жеткізді.

Мерекелік жиында мінсіз қызметімен көзге түскен қызметкерлер марапатталды. ҚР Ішкі істер министрінің және Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының бұйрықтарымен 180-ге жуық полиция қызметкеріне медальдар, Құрмет грамоталары мен Алғысхаттары табысталды. Сондай-ақ, үздік қызметкерлерге арнайы атақтар берілді.

Шара соңында оркестрдің сүйемелдеуімен гарнизон сап түзеп, салтанатты маршпен қызмет орындарына аттанды. Бұл жиын ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды.