Жамбылда ауылшаруашылығына тың серпін берілді
Жамбыл облысында өткен кең көлемді дала семинары ауылшаруашылығын жаңғыртуға бағытталған нақты бастамаларымен ерекшеленді. ҚР Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен ұйымдастырылған жиын агроөнеркәсіп кешенінің өзекті мәселелерін талқылап, оларды шешудің жаңа жолдарын қарастырды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Семинар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмалары негізге алынды. Шараға ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, ауылшаруашылығы саласының беделді ғалымдары, агробизнес жетекшілері, аудан әкімдері мен жергілікті шаруалар қатысты.
Іс-шара ауылшаруашылығы өнімдерінің көрмесінен басталды. Қатысушыларға «QazMeatExport» шаруа қожалығының егістік алқабы таныстырылып, саладағы жетістіктер паш етілді. Айдарбек Сапаров жергілікті шаруалардың еңбегін жоғары бағалап, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы кеңінен айтып берді.
– Соңғы жылдары ауылшаруашылығын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Жамбыл облысында ветеринария саласына тың серпін беретін жобалар іске асырылуда. Мал дәрігерлерін көлікпен қамту, жаңа ветеринариялық пункттер салу арқылы бұл салада сапалы қызмет көрсетуге жол ашылады, – деді министр.
Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауылшаруашылығы – ел экономикасының діңгегі екенін атап өтті. Ол саланың болашағына қатысты бірқатар нақты міндеттерді атады.
– Егістік алқаптарын әртараптандыру, суармалы жерлер көлемін арттыру, техникаларды жаңарту және цифрландыру – біз үшін басым бағыт. Ауылшаруашылығын заманауи ғылыми жетістіктерсіз дамыту мүмкін емес, – деді әкім.
Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, биыл саланы қолдауға 48,2 миллиард теңге бөлінген. Қазірдің өзінде 3400-ге жуық шаруа мемлекеттік қолдауға ие болған. Алғашқы тоқсанның өзінде 38 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 4,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ағымдағы жылы 641,2 мың гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,5 мың гектарға артық.
Сондай-ақ, 498,5 мың гектарға 99,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу көзделген. 400-ден астам ауылшаруашылығы техникасын жаңарту арқылы техникалық жабдықталу деңгейі 6,5 пайызға жеткізілмек. Су үнемдеу технологияларын енгізу де басты назарда – биыл бұл технологиялар қосымша 25 мың гектарға енгізіледі.
Семинарда бірнеше ғылыми-зерттеу институттарының басшылары сөз сөйлеп, нақты жобаларын ұсынды. Атап айтқанда, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының төрағасы Шолпан Бастаубаева жергілікті шаруалармен тығыз әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізсе, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы институтының басшысы Теміржан Айтбаев тұқым шаруашылығын дамытудың жаңа тетіктерін ұсынды. Сонымен қатар, Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі институты мен Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өкілдері де тың ұсыныстарымен бөлісті.
Семинар соңында саланың дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Оларға ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен Құрмет грамоталары салтанатты түрде табыс етілді.
Сапар аясында министр Айдарбек Сапаров жаңа типтік үлгідегі ветеринариялық пункттің жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Алель Агро» АҚ-на қарасты, тәулігіне 144 мың бас тауық етін өңдеуге қауқарлы комбинаттың құрылыс барысын бақылады. «Марокко» шегірткесіне қарсы химиялық күрес шаралары да назардан тыс қалмады.
Жамбыл даласында өткен бұл семинар агроөнеркәсіп кешенінің дамуына тың серпін беріп, шаруалар мен ғылыми ортаның арасындағы байланысты нығайта түсті. Алдағы уақыттарда айтылған ұсыныстар мен бастамалар нақты нәтижелерге айналады деген сенім бар.