Жамбыл өңірі жаңа қарқынмен дамып келеді

0 3

Жамбыл облысында экономиканың барлық бағыттары бойынша серпінді өсім сақталып, өңір еліміздің индустриялық және аграрлық дамуында маңызды орынға ие болып келеді. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен баяндады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

2025 жылдың 10 айының қорытындысына сәйкес, облыста экономикалық өсім 9,8 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіш өнеркәсіптің 17 пайызға, құрылыстың 18,8 пайызға, ауылшаруашылығының 3,1 пайызға, көлік саласының 2,9 пайызға, байланыс қызметтерінің 9,4 пайызға және инвестиция көлемінің 38,3 пайызға артуымен қамтамасыз етілді. Биыл облыста 1 триллион 100 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңірде 929 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 17-сі ірі, 25-і орта кәсіпорындар болып табылады. Өндіріс саласында 40 мыңға жуық адам тұрақты еңбекпен қамтылған.

Өңдеу өнеркәсібі жалпы өндіріс көлемінің 63 пайызын құрап отыр. Облыста натрий триполифосфаты, натрий цианиді, сары фосфор, аммофос өнімдерінің 100 пайызы және қанттың 40 пайызы өндіріледі. Бұл өңірдің еліміздегі маңызды индустриялық орталықтардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестициялар 2,1 есеге артып, 203 миллиард 800 миллион теңгені құрады, нәтижесінде өңделген өнім экспорты 1,5 есеге өсіп, облыс республикада бірінші орынға шықты.

Шағын және орта бизнес саласының дамуы да өңір экономикасына зор серпін беріп отыр. Өнім шығару көлемі 18,1 пайызға артып, 765 миллиард 500 миллион теңгеге жетті. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 109 мыңға жетіп, оларда 165 мыңнан астам адам еңбек етуде.

Инвестициялар көлемінің артуы өңірдің тартымдылығын айқын көрсетеді. Биыл 10 айда облысқа 553 миллиард 600 миллион теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Оның 82 пайызы жеке сектордың үлесіне тиесілі. Жыл басынан бері жалпы құны 21 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, 282 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2025 жылы 26 жобаны жүзеге асыру жоспарда тұр. 2029 жылға дейін жалпы құны 4 триллион 100 миллиард теңгені құрайтын 62 жоба қолға алынбақ.

Индустриялық аймақтар да дамып келеді. «Тараз» индустриялық аймағында жалпы құны 113 миллиард теңге болатын 23 жоба жоспарланып, олардың 9-ы іске қосылды. Сонымен қатар «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында 40 мың шаршы метр заманауи өндірістік ғимараттар пайдалануға берілді. Инвесторлар сұранысының артуына байланысты аймақ аумағы 905 гектардан 1 мың 200 гектарға дейін кеңейтіледі.

Ауылшаруашылығы саласы бойынша да облыста тұрақты өсім байқалуда. Биыл ауылшаруашылығы өнімі 458 миллиард 500 миллион теңгені құрап, өсім 3,1 пайыз болды. Егіс алқаптары 640 мың гектарға дейін кеңейіп, жалпы өнім көлемі 3 миллион 300 мың тоннаға жетті. Қант қызылшасы саласы ерекше қолдауға ие. Биыл 207 мың тонна өнім жиналып, Меркі қант зауытына толық жөнелтілді. Саланы қолдауға жергілікті бюджеттен 6 миллиард 900 миллион теңге бөлінсе, республикалық бюджеттен қосымша 5 миллиард 300 миллион теңге қарастырылуда.

Ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты 888 мың тоннадан асты. Пияз экспорты бойынша облыс республикада бірінші орында – 410 мың тонна өнім сыртқа жөнелтілген. «Ауыл аманаты» жобасы да ауыл кәсіпкерлігін қолдау бағытында үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Биыл 3 миллиард 200 миллион теңгеге 437 жоба қаржыландырылды.

Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда 66,5 мың гектар алқапқа су үнемдеу тәсілдері енгізілді. Тамшылатып суару жүйелерін шығаратын өндіріс іске қосылып, 2 миллиард 800 миллион теңгеге жаңа жабдықтар өндіріле бастады. Ал жыл сайын 200 мың гектар алқапты заманауи суару жүйелерімен қамтамасыз ете алатын ірі зауыттың құрылысы аяқталуға жақын, оның ашылуы 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.

Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Халықаралық қайта құру және даму банкімен бірлескен 37 миллиард 200 миллион теңгелік жоба аясында 322 канал қайта жаңғыртылып жатыр. 2029 жылға дейін 11 жаңа су қоймасы салынып, 3 қойма қайта жөндеуден өтеді.

Брифинг соңында Ербол Қарашөкеев өңірдің бүгінгі жетістіктері – жоспарлы жұмыстың және дұрыс белгіленген басымдықтардың нәтижесі екенін айтып, облыстың алдағы уақытта да сенімді дамуын жалғастыратынын жеткізді. Жамбыл өңірі бүгінде экономикалық әлеуетін күшейтіп, өндіріс пен ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеру жолында нық қадам жасап келеді.