Жамбыл облысында су шаруашылығын жаңғырту бойынша шешуші қадамдар жасалды
Жамбыл облысы әкімдігінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен келесі жылғы вегетация кезеңіне дайындық мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Жиынға су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, су шаруашылығы ұйымдарының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ аймақтың шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты.
Кездесуде облыс шаруаларына трансшекаралық судың келуі азаюына байланысты туындаған қауіптер мен суару маусымында су ресурстарын ұтымды пайдалану шаралары түсіндірілді. Атап айтқанда, өсірілетін ауылшаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мен су үнемдеу технологияларына көшу ісі талқыланды.
«Су ресурстарының қолжетімді көлемінің азаюы жалғасып отырғандықтан, алдағы вегетация кезеңінде су тапшылығы қаупі бар. Бұл – Орталық Азияның барлық елі тап болып отырған табиғи үдеріс. Су келу көлемінің азаю салдарын барынша азайту үшін ауылшаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мен су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдету қажет. Ол үшін мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. Бұл су ресурстарын үнемдеу мәселесі ғана емес, бұған қоса елдің су мен азық-түлік қауіпсіздігі де осы мәселеге тікелей байланысты. Дайындалуға уақыт бар, жауапты органдар мен жергілікті атқарушы билік, сондай-ақ диқандар оны тиімді пайдалануға тиіс», деді Премьер-министрдің орынбасары.
Еске сала кетейік, суды үнемдеу мен заманауи суару жүйелеріне көшуге ынталандыру мақсатында ұңғымаларды бұрғылау, инфрақұрылым тарту, су үнемдейтін жабдықтар сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін көтерілді. Суару суына сараланған тариф енгізілді. Су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруа қожалықтары үшін су құнын субсидиялау 60%-дан 85%-ға дейін ұлғайды.
2026–2028 жылдарға арналған жалпы трансферттер шеңберінде су үнемдеу технологияларын енгізуді әрі егінге қажетті су құнын субсидиялауды қолдауға бұрынғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп қаражат бөлінді.
Қабылданған шаралар елімізде су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік алқабы көлемін жыл сайын 150 мың гектардан астамға ұлғайтуға мүмкіндік берді. 2030 жылға қарай республикадағы 1,3 миллион гектар суармалы жерді заманауи суару жүйелерімен қамту жоспарланып отыр.
Бүгінде Жамбыл облысында су үнемдеу технологиялары 66,5 мың гектарда қолданылып жатыр. Оның қатарында жаңбырлатып суару жүйесі – 19,3 мың гектар, тамшылатып суару – 44,6 мың гектар, лазерлік тегістегішпен – 2,6 мың гектар.
Бұған қоса, кеңесте ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының негізгі тетіктері де талқыланды.
Биыл жобаны іске асыру бойынша жаңа тәсілдер әзірленді. Атап айтқанда, рәсімдерді жеңілдетіп, басым бағыттарды қолдауға арналған жаңа қағидалар бекітіліп, қолданылып жатыр. Ең алдымен өсіруден бастап өткізуге дейінгі толық өндірістік циклды қамтамасыз ететін қызмет түрлерін, сондай-ақ кооперативтерді қолдау негізгі басымдықтар ретінде айқындалды.
Жиында қаржыландыру лимиттері енгізілетіні де айтылды: қаражаттың 40%-ға дейінгі көлемі – мал шаруашылығына, кемінде 20%-ы өңдеу саласына бағытталады. Бұған қоса, ауылшаруашылығы саласына жатпайтын жаңа бизнес түрлері де тізімге енгізілді.
2026–2028 жылдары Жамбыл облысында 1 мыңнан аса жобаны іске асыруға 31 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу жоспарға енгізілген. Өңірде мал шаруашылығының жоғары көрсеткіштеріне қарамастан, бордақылау, сою, сақтау, өңдеу мен логистика инфрақұрылымы жеткіліксіз. Осыған байланысты әкімдіктерге, оның қатарында шағын индустриялық аймақтар құру бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Негізгі кедергілердің бірі – ауыл тұрғындарының бір бөлігінде жеткілікті кепілдің болмауы. Осыған байланысты вице-премьер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына және Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныстар енгізуді тапсырды.