Жамбыл облысында мал ұрлығының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды

0 51

Жамбыл облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Еркебұлан Сәрсенбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында мал ұрлығына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар мен нәтижелер туралы айтты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

– Полиция департаменті мал ұрлығына қарсы күреске арналған кешенді іс-шараларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Бұл жұмыстар Ішкі істер министрлігінің 2024–2026 жылдарға арналған ұрлыққа қарсы бағдарламасы аясында атқарылуда. Соңғы үш жылдың статистикасына сәйкес, мал ұрлығының саны 23,2 пайызға төмендеді, ал қылмыстардың ашылу көрсеткіші 52,6 пайыздан 55,3 пайызға дейін жақсарды. Биылдың алғашқы үш айында мал ұрлығы бойынша тіркелген фактілер өткен жылмен тең болды, – деді Еркебұлан Сәрсенбаев.

Спикердің айтуынша, тіркелген қылмыстардың 77 пайызы жайылымнан ұрланған малға қатысты. Мұндай жағдайлар көбінесе мал иелерінің ұзақ уақыт бойы малдарын қараусыз қалдыруынан туындаған.

Ағымдағы жыл ішінде 18 адам мал ұрлығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде кәсіби түрде ұйымдасқан 13 адамнан тұратын алты қылмыстық топ анықталды. Осы топтың біреуі тұрақты түрде әрекет етіп келген, оның мүшелері 11-31 наурыз аралығында өткен «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шара барысында ұсталды. Оларға қатысты төрттен астам ұрлық фактісі дәлелденді. Сонымен қатар, ұрланған 146 малдың 61-і (41,8 пайыз) иелеріне қайтарылып, 58 миллион 830 мың теңге шығынның 17 миллион 930 мың теңгесі өтелді.

Профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін полиция бірнеше негізгі бағытта іс-шараларды жүзеге асыруда:

• Облыс бойынша 54 мал соятын орын толық тексеріліп, 26-сы жұмыс істемейтіні анықталды. Тараз қаласында бір заңсыз мал соятын орын тіркелді.

• Полиция мен ветеринариялық бақылау қызметкерлері бірлесіп 10 ірі сауда нүктесінде тексерулер жүргізіп, мал мен ет өнімдерінің заңдылығын бақылайды.

• Облыстағы 7 мал базарында профилактикалық іс-шаралар өткізілуде.

• Әкімшілік құқы бұзушылықтар кодексінің 406-бабы бойынша 246 мал етін заңсыз тасымалдау фактісі, 408-бап бойынша 573 мал жайылым ережелерін бұзу оқиғасы анықталды.

• 20 ақпан мен 1 сәуір аралығында «Қашар» өңірлік профилактикалық іс-шарасы барысында 2063 фермерлік және жеке шаруашылық тексерілді, 2657 малшының жұмысы бақылауға алынды. Облыста 192707 жылқы, 440069 ірі қара, 3061941 ұсақ мал және 8015 түйе тіркелген.

– Біз мал ұрлығының алдын алу, ашу және қылмыс санын төмендету мақсатында кешенді жұмыстарды үздіксіз жүргізіп отырмыз. Жеткен жетістіктеріміз бен статистикалық мәліметтер осы бағыттағы күш-жігеріміздің нәтижелі екенін көрсетеді, – деп қорытындылады Еркебұлан Сәрсенбаев.

Конференция соңында БАҚ өкілдері спикерге сұрақтар қойып, толық және нақты жауаптар алды.