Жамбыл облысында карантиндік режим енгізілді
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мәлімдеді, – деп хабарлайды “Aulieatanews” Ақпараттық агенттігі.
«Ресми мәліметтерге сәйкес, аймағымызда бүгінгі сәтте 45 адам коронавирус жұқтырған. Вирустың таралу жылдамдығы бәсеңдемеуде. Коронавирус инфекциясының әкелінуі мен таралуының алдын-алу, азаматтардың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында 9 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап Жамбыл облысының аумағында карантиндік режим енгізіледі», деді Бекболат Серікбекұлы.
Карантинге байланысты Жамбыл облысының аумағына және барлық елді мекендеріне облыстың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге қажеттілерінен басқа автокөлік құралдары мен азаматтардың кіруіне және шығуына тыйым салынады.
Жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліктердің қозғалысы келісілген кестеге сәйкес (07:00-ден 10:00, 12:00-ден 15:00, 17:00-ден 20:00-ге дейін) шектеледі. Бұл орайда қоғамдық көлік антисептикалық заттармен қамтамасыз етілуі тиіс. Қоғамдық көлікке медициналық бетперделермен ғана кіруге болады.
Такси қызметін ресми тіркелген ұйымдар тиісті материалдық-техникалық, санитарлық-гигиеналық жағдаймен қамтамасыз етілген автокөліктермен ғана көрсетеді. Таксидегі жолаушы саны екеуден аспауы керек.
Тұрғындар мен жеке көлік құралдарының тамақ өнімдерін, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу; медициналық көмекке жүгіну; үй жануарларын тұрғылықты мекенжайы маңында серуендету (30 минуттан аспау керек); мемлекеттік және әлеуметтік көмек алу үшін мемлекеттік және басқа да мекемелерге бару; ауылдық аймақтарда көктемгі дала және басқа ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу, адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін төтенше және басқа да жағдайлардан басқа кездері Жамбыл облысы аумағында еркін жүруіне тыйым салынады.
Бұл ретте медициналық маскасыз сыртқа шығуға, бір отбасы мүшелерінен басқалардың үш адамнан артық топтасып жүруіне, жеке көліктеріне үш адамнан артық (қоғамдық тасымалдауды қоспағанда) отырғызуға, кәмелетке толмағандардың ересектерсіз жүріп-тұруына тыйым салынады. Сондай-ақ 65 жастан асқандарға, денсаулығы нашар «қауіпті топқа» жататындарға және созылмалы аурулары бар адамдарға аса бір қажет болмаса далаға шықпау, үйде оқшаулану режімін қамтамасыз ету ұсынылып отыр.
Сауда және ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, барлық азық-түлік емес тауарлар, автокөлік сататын дүкендердің, автопавильондардың, химиялық тазалағыштардың, кір жуатын орындардың, фотоательелер мен фотосалондардың, оптика, жылжымайтын мүлік агенттіктерінің, көлік жуу (соның ішінде өзіне-өзі қызмет көрсететін) орындарының, сауналар, моншалар, фитнес-клубтар, массаж бөлмелерінің, балама медицина, спорт залдары, спорт кешендері, бассейндер, сұлулық салондары, спа-орталықтар, тырнақ шеберханалары, шаштараздар, компьютерлік клубтар, жабық балалар ойын алаңдары, хаиуанаттар парктері, мұз айдындары, көрмелер және қызмет көрсету саласындағы осыған ұқсас басқа да нысандардың, техникалық қызмет көрсету стансаларының қызметтері уақытша тоқтатылады.
Азық-түлік супермаркеттері, азық-түлік дүкендері, дәріханалар (соның ішінде ветеринарлық), ауылшаруашылық техникалары мен жем-шөп сататын нүктелер, «Қазпочта» АҚ филиалдары, қонақ үйлер, оқшау тұрған дөңгелек жөндейтін орындар (екіден көп болса) жұмысын жалғастыра береді.
Жанармай құю стансалары мен бекеттерінің, қаржы институттарының, банктердің, валюта айырбастау пункттерінің, электрмен жабдықтау компаниялары мен газ, су, жылу, ағынды су мекемелерінің, өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметтерінің, сондай-ақ тұрғын үйді басқару саласындағы компаниялардың (электриктер, сантехниктер, аулаларды және үй-жайларды тазарту, лифтке техникалық қызмет көрсету қызметтері) жұмысына рұқсат етіледі.
Мейрамханаларға, кафелер, барлар, асханалар және басқа да тамақтану орындарына сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін «тұтынушыларға жеткізу» қағидаты бойынша жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Меншік нысанына қарамастан, балабақшалар мен оқу, дайындық және дамыту орталықтарының қызметі тоқтатыла тұрады.
Адамдар көп жүретін орындарға, оның ішінде серуендеуге арналған нысандарға (көшелерге), саябақтарға, алаңдарға, жағалауға, балалар ойын алаңшаларына, спорт алаңдарына және басқа да демалыс орындарына кіруге тыйым салынады.
«Бұл уақытша және мәжбүрлі шара облыс тұрғындары мен бизнес субъектілерінің құқықтарына бірқатар шектеу енгізіп, қосымша жауапкершілік жүктейтіні түсінікті. Сондықтан, баршаңызды түсіністік танытып, Қаулының талаптырын қатаң орындауды сұраймыз», деді Бекболат Орынбеков.