Жамбыл облысында есірткіге қарсы жаңа кеңес құрылды

0 97

Жамбыл облысында есірткіге қарсы күресті күшейту мақсатында жаңа өңірлік кеңес құрылды. Бұл шешім Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қабылданған. Кеңес құрамына полиция қызметкерлері, журналистер, спортшылар, қоғам қайраткерлері мен блогерлер кіріп, олар облыстағы жастарды есірткіден қорғау бағытында бірлесіп жұмыс істейтін болады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттінің тілшісі.

Кеңестің негізгі мақсаты – есірткіге қарсы күресті күшейту, халық арасында осы проблеманың салдарын түсіндіру, алдын алу шараларын жетілдіру және саламатты өмір салтын насихаттау. Атап айтқанда, бұл жұмыстарға жастардың қатысуы маңызды.

Жаңа кеңестің төрағасы ретінде Жамбыл облыстық Полиция департаментінің бірінші орынбасары М. Қанапияев тағайындалды. Оның орынбасарлары ретінде ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы міндетін атқарушы А. Жұмабеков пен Халықаралық Тараз университетінің ректоры М. Сарыбеков бекітілді.

Кеңес мүшелері алғашқы жиналысында бірлескен іс-шаралар жоспарын талқылап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындады. Олар жастарды есірткіге қарсы күреске белсене қатысуға шақырып, аймақтағы есірткі саудасына қарсы қатаң шаралар қабылдайтынын атап өтті.