Жамбыл облысында 43 келіден астам марихуана тәркіленді
Жамбыл облысында есірткі заттарын аса ірі көлемде заңсыз тасымалдау дерегі анықталды. Күдіктіге 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері патрульдік полиция батальонымен және кинологиялық қызметпен бірлесіп, 56 жастағы азаматты ұстаған.
«Mercedes-Benz» маркалы автокөлік «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолында, Қордай ауылы маңында тоқтатылған. Тексеру барысында қызметтік иттің көмегімен көліктің артқы орындығынан өсімдік тектес, өзіне тән иісі бар зат салынған үш полиэтилен пакет табылған.
Сот-химиялық сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 43 килограмм 630 грамм болатын кептірілген марихуана екені анықталды. Бұл көрсеткіш заңнамаға сәйкес аса ірі көлем санатына жатады.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жалғасуда.