Жамбыл облысында 1 млн тонна қант қызылшасын өңдейтін зауыттың құрылысы басталды

0 74

Жамбыл облысы өңдеу өнеркәсібін дамыту мен инвестиция тарту бағытында тың серпіліс кезеңін бастан өткеріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған кешенді жобалар қолға алынуда. Соның жарқын мысалы – Байзақ ауданында құрылысы басталған заманауи қант зауыты, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде алғаш рет салынып жатқан қант өндірісінің ірі нысаны. Жобаның жалпы инвестициялық құны 200 миллион АҚШ долларын құрайды. Инвестор – Қытайдың «Zhongkai Guoyuan Industrial Investment Co.» компаниясы, ал, технологиялық серіктес ретінде «Oushangyuan Process & Equipment Intelligent Co.» тартылған. Жоба аясында 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Салтанатты рәсімге ҚР Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, бұл бастаманың ел экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті. Жобалық қуаттылығы жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде 120 мың тонна таза қант, сондай-ақ меласса мен жом секілді қосалқы өнімдер өндірілмек.

«Zhongkai Kazakhstan International Sugar Industry Company» компаниясының бас директоры Сяо Анбао Жамбыл өңірінің өндірістік әлеуетін жоғары бағалап, өңдеу өнеркәсібін дамытуға қолайлы жағдайлар бар екенін жеткізді. Жаңа зауыт агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды кезеңіне айналып, қант қызылшасы өндірісін сапалы жаңа деңгейге көтермек. Өңірдегі шаруа қожалықтары да зауытты шикізатпен толық қамтуға дайын екендіктерін білдіріп отыр.

Жалпы, биылғы жылдың сегіз айында Жамбыл облысының негізгі капиталына 391,7 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға артық. Жыл басынан бері өңірде 9 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Олардың қатарында жылына 80 мың тонна өнім шығаратын әк зауыты, 36 миллион дана кірпіш өндіретін кәсіпорын, 100 мың шаршы метр шыңдалған әйнек шығаратын өндіріс, 250 бірлік теміржол локомотиві мен жылжымалы құрам жасайтын зауыт, алтын кенін игеру жобасы және жаңа жол бойындағы қонақүй бар.

Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік инфрақұрылымды нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Жамбыл облысы – инвестицияға қолайлы, индустрияға дайын өңір. Ал, қант зауыты – осы бағыттағы нақты істердің бастамасы.