Жамбыл облысынан 8 елге 1,6 мың тоннадан астам ет экспортталды
Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов хабарлады, — деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірдегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 40 пайыздан астамы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі.
2025 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өңірде тірідей салмақта 64,8 мың тонна ет өндірілді.
Жыл басынан бері 1 615,2 тонна ет және 340 тона шұжық өнімдері экспортталды. Оның ішінде сиыр еті – 661,2 тонна, қой еті – 953,7 тонна, жылқы еті — 0,2 тонна, құс еті – 1302,2 тонна.
Өнімдер Қырғызстан, Қатар, Кувейт, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран және Германия елдерінің нарығына жөнелтілді.
Өңірде мал шаруашылығын дамытуға тұрақты түрде көңіл бөлінуде. Сыйымдылығы 1 000 бастан жоғары 9 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді.
Қуаттылығы тәулігіне 300 бас ұсақ малды және 50 бас ірі қара малды сойып, өңдейтін 2 ет өңдеу кәсіпорыны бар.
2025 жылдың 7 айында 130,8 мың тонна сүт өндірілді.
«Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын іске асыруға 2024 жылы республикалық бюджеттен 8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат есебінен 15 инвестициялық жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 4 жоба – сүт тауарлы фермасын салуға бағытталған.
Облыста құс еті өндірісі де қарқынды дамуда. «Әулие-ата Феникс» ЖШС құс фабрикасының қуаттылығы 12 мың тоннаға, «Алель Агро» ЖШС-ның жылдық қуаттылығы 14 мың тоннаға дейін жеткізілді.
Жыл соңына дейін аталған фабрикаларда құс еті өндірісі 26 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артады деп күтілуде.