Жамбыл облысы француз бизнесімен ірі серіктестікке дайын
Қазақстан астанасында өткен Қазақстан–Франция инвестициялық форумы – ел экономикасына тікелей инвестициялар тарту ісіндегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Іс-шараға қос елдің мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдерінен құралған 300-ден астам делегат қатысты. Форум аясында ірі шетелдік компаниялармен жаңа жобалар талқыланып, стратегиялық серіктестікті тереңдетуге бағытталған нақты қадамдар жасалды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Форумның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов сөз сөйлеп, Францияның еліміз үшін Еуропадағы маңызды сауда және инвестициялық серіктестердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Франциямен тек экономикалық ғана емес, технологиялық, инфрақұрылымдық және энергетикалық әріптестікті де кеңейтуді көздейді.
Премьер-Министр «ExxonMobil» компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен кездесіп, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, озық технологияларды енгізу және Каспий құбыр консорциумының құбыр жүйелерін тұрақты пайдалану мәселелерін талқылады. Әсіресе, Қазақстанның әлемдік энергетикалық нарықтағы орнын күшейтуге сеп болатын Теңіз кенішіндегі болашақ кеңейту жобасына ерекше мән берілді.
Олжас Бектенов Теңіз жобасы аясында жергілікті қамту үлесін арттыру қажеттігін атап өтіп, отандық өндірушілердің осы саладағы үлесін ұлғайтуға шақырды. Қашаған кен орнындағы өндірісті ұлғайтуға қатысты нақты жоспарлар да сөз болды. Атап айтқанда, жылына 2,5 миллиард текше метр газ өңдеу зауытын салу жоспарланған «2А кезеңінің» іске қосылуы мен «2Б кезеңіне» қатысты шешім қабылдау маңыздылығы атап өтілді.
Форум барысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетіне тоқталып, қатысушыларға бірқатар дайын жобаларды таныстырды. Оның айтуынша, өңір агроөнеркәсіп, жаңартылатын энергия көздері және жоғары технологиялар салаларында ірі серіктестікке дайын.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысы мен Франция арасындағы тауар айналымы 6,7 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 57,2 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштің 5 миллион доллары – экспорттың, 1,7 миллион доллары импорттың үлесінде. Облыс аумағында француз капиталының қатысуымен үш ірі жоба – «TotalEnergies» күн электр стансасы, «Saint-Gobain» гипс зауыты және «Vicat» цемент зауыты табысты жүзеге асырылып үлгерді. Қазіргі уақытта қуаты 1 ГВт болатын «TotalEnergies» жел электр стансасы мен жылына 250 электровоз құрастыратын «Alstom» зауытының құрылысы жүріп жатыр. Инвестициялық көлемі шамамен 1,2 миллиард АҚШ долларын құрайтын бұл жобалар жаңартылатын энергия және көлік-логистика секторларына тың серпін береді.
Ербол Қарашөкеев француз бизнес өкілдерін қара және түсті металлургия, агрохимия, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында серіктестікке шақырып, өңірдің бірегей шикізат қорларының әлеуетін ерекше атап өтті. Мысал ретінде, жүгеріні терең өңдейтін «Fufeng» компаниясының зауыты аталды. Аталған жоба сабақтас салалардың дамуына серпін беріп отыр.
Бүгінде өңірде «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы мен «Тараз» индустриялық аймағы арқылы шетелдік инвесторларға жан-жақты инфрақұрылым мен салықтық жеңілдіктер ұсынылуда. Сонымен қатар, шағын өнеркәсіптік аймақтардың жалпы аумағы 2025 жылдың соңына дейін 100 мың шаршы метрге дейін ұлғаймақ.
Пленарлық сессия барысында «Қазақстан–Франция іскерлік кеңесінің» тең төрағалары Айдан Кәрібжанов пен Ги Сидос, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Францияның Сыртқы сауда министрі Лоран Сен-Мартен, бірқатар өңір басшылары мен компания өкілдері сөз сөйлеп, өзара ынтымақтастықты тереңдету бағытында пікір алмасты.
Форум шеңберінде Ербол Қарашөкеев француздық «Freyssinet» (құрылыс және инфрақұрылым) пен «Bonduelle» (көкөніс өңдеу және консервациялау) компанияларының басшылығымен жеке кездесулер өткізді. Сонымен қатар, цемент саласында табысты жобалар жүргізіп жатқан «Vicat» компаниясының өңірдегі қызметін кеңейту жолдары талқыланды.
Облыс әкімі өңірлік деңгейде экономикалық диалогты нығайту – Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа тарауын ашатынын атап өтті. Келіссөздер нәтижесінде түрлі бағыттар бойынша бірқатар келісімдерге қол жеткізілді.