«Зербұлақ» балалар күлкісіне бөленген күн
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жамбыл облысында кең көлемді мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Айрықша көңілді күндердің біріне айналған айтулы мерекеде облыс орталығынан бастап, аудан-қалаларға дейін балғындарға арналған түрлі мәдени-танымдық және спорттық бағдарламалар өткізілді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы «Зербұлақ» демалыс кешенінде өткен басты мерекелік іс-шараға арнайы қатысып, балаларға жүрекжарды құттықтауын жеткізді.
– Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Сәбидің күлкісінен асқан қазына жоқ. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балаларға қолайлы орта қалыптастыруды, олардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуын әрдайым назарда ұстап келеді. Жамбыл өңірінде де осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңа мектептер мен балабақшалар ашылып, білім беру мекемелері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Барша бүлдіршінге шат-шадыман балалық шақ, бақытты болашақ тілеймін! – деді аймақ басшысы.
Мереке аясында балалардың көңілін көтеруге арналған қызықты ойындар, концерттік бағдарламалар мен шығармашылық көріністер ұйымдастырылды. Кішкентай көрермендер мен қатысушылар ән айтып, би билеп, түрлі байқауларда өнерлерін ортаға салды. Көңілді күн кішкентай жүректерге шаттық сыйлап, жарқын әсерге толы болды.
«Бақытты бала – бақытты ел» ұранымен өткен іс-шара тек Тараз қаласында ғана емес, облысқа қарасты барлық аудан мен ауылдарда да жоғары деңгейде аталып өтті. Балаларға арналған концерттер, спорттық жарыстар, шеберлік сабақтары мен шығармашылық байқауларда 4 мыңға жуық бала белсенділік танытты.
Жамбыл жұртшылығы үшін бұл мереке – балаға деген қамқорлықтың, ұрпақ болашағына жасалған нақты қадамдардың бір айғағы іспеттес. Мұндай шаралар жас буынның жан-жақты дамуына серпін беріп, олардың өмірге деген сенімін нығайта түсетіні сөзсіз.