Заң және тәртіп – қоғам тұрақтылығының берік тірегі
Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Сарымолдаев ауылдық округінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған мазмұнды кездесу өтті. Бұл шара жас буынның заң талаптарын түсінуіне, азаматтық жауапкершілікті сезінуіне ықпал ету мақсатында, «Заңды білу – құқық бұзушылықтың алдын алудың негізгі жолы» тақырыбында арнайы ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Кездесуге Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жастармен жұмыс жөніндегі маман-психологі А.Темірбай және Меркі аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасына қарасты ювеналдық полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты А.Маңызқызы қатысты.
Шара барысында спикерлер жастарға құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы, заң талаптарын сақтау, жеке жауапкершілік пен тәртіптің қоғам дамуындағы рөлі жөнінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктері, құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары жан-жақты баяндалды.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың салдары, мұндай жағдайларда ішкі істер органдары қолданатын шаралар, жауапкершілікке тарту тәртібі туралы нақты мысалдар келтіріліп, жастардың сауалдарына жауап берілді. Бұл өз кезегінде жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігін тереңірек түсінуіне ықпал етті деп білеміз.
Жастармен осындай іс-шараларды жиі өткізу арқылы олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға құрметпен қарауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамда тұрақты тәртіпті сақтауға зор ықпал етеріміз сөзсіз.