Заң үстемдігі – қоғам қауіпсіздігінің негізі
Жамбыл облысының прокуроры Берік Әбіловтің төрағалығымен өткен алқа отырысында облыс прокуратурасының 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары қаралды. Жиында өңірдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтар мен бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау, сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында жүргізілген жұмыстарға жан-жақты талдау жасалды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Ағымдағы жылы облыс прокуратурасы қадағалау қызметінде тиімді әрі заманауи тәсілдерді қолдана отырып, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға басымдық берді. Бұл бағытта қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға арналған кешенді шаралар қабылданып, өңірде құқықбұзушылықтар жиі тіркелетін отыз алты «қызыл аймақ» анықталды. Мәслихаттар тарапынан полиция мен жергілікті атқарушы органдарға арналған профилактикалық индикаторлар бекітілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде аса ауыр қылмыстар елу төрт бүтін оннан сегіз пайызға, онша ауыр емес қылмыстар он бір бүтін оннан бір пайызға, адам өлтіру он алты бүтін оннан жеті пайызға азайды. Ұрлық отыз бес бүтін оннан екі пайызға, қарақшылық отыз сегіз бүтін оннан бес пайызға, тонау отыз алты бүтін оннан екі пайызға, зорлау он тоғыз пайызға төмендеді. Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар елу екі бүтін оннан алты пайызға, бұзақылық он тоғыз пайызға қысқарды.
Есірткі қылмыстарына қарсы күрес те күшейтілді. «Есірткісіз болашақ» жобасы аясында есірткі қылмыстарын анықтау он бүтін оннан бір пайызға артты. Заңсыз айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі отыз жеті бүтін оннан жеті пайызға, оның ішінде синтетикалық есірткілер жүз он бес бүтін оннан сегіз пайызға көбейді. Табиғи түрде өсетін шамамен төрт мың тонна қарасора жойылды. Ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, бір фито және екі нарколабораторияның қызметі тоқтатылды, жалпы сомасы алпыс төрт миллион төрт жүз мың теңгені құрайтын төрт мың үш жүз төрт банк шоты бұғатталды.
Интернет-алаяқтықпен күрес бағытында «CyberShekteuTaraz» телеграм-боты арқылы екі «SIM-box» құрылғысы анықталып, жеті жүз жиырма бір күдікті сілтеме бұғатталды. «Antifrod-Center» жүйесі арқылы сексен екі миллион теңге көлеміндегі жүз алпыс бес банк шоты бұғатталып, оның он сегіз миллион теңгесі жәбірленушілерге қайтарылды. Сонымен қатар дропперлерге қатысты қырық алты миллион бес жүз мың теңгеге отыз үш талап-арыз қанағаттандырылды.
Қоғамдық мүдделерді қорғау саласында жетпіс үш мың тоғыз жүз елу үш азаматтың құқықтары қорғалды. Бюджетке екі миллиард төрт жүз миллион теңгеден астам қаражат және сегіз миллиард екі жүз миллион теңгеге мүлік қайтарылды. Негізсіз жұмсалуы мүмкін тоғыз миллиард сегіз жүз миллион теңге бюджет шығындарының жолы кесіліп, жиырма тоғыз миллиард теңгеге тоқсан бес заңсыз мемлекеттік сатып алу тоқтатылды. Салық түсімдерін талдау нәтижесінде бір миллиард теңге өндіріліп, мемлекеттік кірістер органдарының он бір лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды.
Еңбек саласында бір мың екі жүз он үш жұмысшыға екі жүз қырық бір миллион теңге жалақы қарызы өтеліп, екі мың төрт жүз үш жұмысшыға екі жүз отыз бір миллион теңге көлемінде міндетті зейнетақы жарналары аударылды. Жалпы алғанда он алты мыңнан астам жұмысшының төрт жүз жетпіс миллион теңгеге жуық құқықтары қорғалды. Бизнесті қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу аясында жеті жүз сексен миллиард теңге инвестиция құрайтын жиырма алты инвестордың құқықтары қорғалды. Қазіргі таңда прокуратура жалпы көлемі үш триллион бір жүз миллиард теңгені құрайтын алпыс екі инвестициялық жобаны сүйемелдеп отыр.
«Қоғаммен байланыс» жобасы аясында облыс бойынша елу мыңнан астам адамды қамтыған екі жүзден астам азаматтарды қабылдау акциялары ұйымдастырылды. Нәтижесінде жүз жиырма мыңнан астам азаматтың мәселелері анықталып, он үш мың тұрғынның құқықтары қорғалды. Төрт мың бес жүзден астам адамға кәсіби құқықтық көмек көрсетілді.
Алқа отырысын қорытындылаған облыс прокуроры Берік Әбілов алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындап, қадағалау қызметін одан әрі күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау облыс прокуратурасының негізгі бағыты болып қала береді.