Заң мен тәртіп – ортақ міндет

0 16

Қазақ халқы ежелден-ақ ар мен ұятты биік қойған халық. Жартылай көшпелі өмір сүргенімен, дала заңын берік ұстанып, әр сөзге, әр әрекетке жауапкершілікпен қараған. Ұрлық-қарлықтан аулақ болып, ел тыныштығын сақтауға, қоғамда әділет пен тазалық орнатуға тырысқан. Бұл – әр отбасының тірегі болған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың тәрбиесі, ел бірлігін сақтаған дәстүрдің күші еді. Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, осы құндылықтардың әлсіреген тұстары байқалады. Әлеуметтік желілердегі даңғаза, тәртіпке бағынбау, оғаш әрекеттер арқылы қаралым жинауға тырысатын кейбір жастардың әрекеті қоғамдағы құқықтық мәдениеттің өзекті мәселеге айналғанын көрсетіп отыр.

Осындай түйткілдерге бейжай қарамай, оны шешуге қоғам болып жұмылу – уақыт талабы. Облысымызда өткен «Заң мен тәртіп – әділетті қоғам» атты облыстық ардагерлер форумы дәл осы мақсатты көздеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен көтерілген «Заң мен тәртіп» қағидатын қолдауға бағытталған бұл жиынға өңірдің беделді ақсақалдары, сала мамандары мен жастар жиналды.

Форумды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, Мемлекет басшысының «Заң алдында – бәрі бірдей» деген қағидасын негізге ала отырып, қоғамда құқықтық сауаттылық пен тәртіпті нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде облыста осы бағытта бірқатар нақты іс-шаралар жүзеге асуда. Жоғары оқу орындары мен колледждерде жастармен кездесулер ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тараз қаласы мен аудан орталықтарында көшпелі кездесулер мен «Қоғам сақшысы» атты түнгі рейдтер қолға алынған. Сондай-ақ мектептер мен колледждерде нашақорлық, құмар ойындар, әлеуметтік желідегі теріс әрекеттердің алдын алу мақсатында семинарлар мен тренингтер өткізілуде. «QORGAN» жобасы аясында тыйым салынған жарнамалар мен граффити жазулар жойылып, құқықтық кеңес беру алаңдары жұмыс істеп тұр.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев өз сөзінде ұлт тарихындағы заң мен тәртіптің маңызына тоқталып, дана халқымыздың «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» секілді құқықтық жүйелері ел ішіндегі тұрақтылықтың негізі болғанын тілге тиек етті. Ардагерлер қауымы қазіргі қоғамда да осы тәртіп пен әдептің сақталуына ықпал етуді өзінің парызы санайды.

Форум аясында облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы мен облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев баяндама жасап, «Заң мен тәртіп» қағидатын жүйелі енгізу нәтижесінде өңірде бірқатар оң өзгерістер орын алғанын атап өтті. «Үлгілі ауыл», «Арақсыз ауыл» секілді жобалар өз нәтижесін беріп, құқықбұзушылық деңгейі едәуір төмендеген.

Ал, облыстың бас имамы Асқар Сатылғанов дін мен тәртіп егіз ұғым екенін алға тартып, имандылыққа бастар жол тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу екенін жеткізді. Оның айтуынша, ардагерлердің қоғамдағы белсенділігі – дінге де, елге де пайдалы іс.

Форумда Балуан Шолақ ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Есенкелді Текебаев сөз алып, соңғы 2,5 жылда бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген ауыл тәжірибесін ортаға салды. Ол ауылдағы тәртіптің қалыптасуына үлкендердің сөзі мен өнегесі, жастардың оған деген құрметі себеп екенін айтты. Бүгінде бұл ауыл Президент марапатына ие болып, өзгеге үлгі болуда.

Сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық «Тойға да тәртіп керек» деген өзекті мәселені көтеріп, облыста асабалар қауымдастығының құрылу барысы мен оның той мәдениетіне тигізіп жатқан оң әсері жөнінде айтты. Оның айтуынша, арнайы тіркеуден өткен асабаларға шеберлік сабақтары өткізіліп, ереже бұзғандарға шара қолдану тетігі қарастырылуда. Бұл – мәдениетті сақтау мен келеңсіз көріністердің алдын алу үшін жасалып жатқан нақты қадам.

Жиын соңында ардагерлер облыс халқына арнайы үндеу жолдап, ауылдық округтердегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен қоғамдық кеңестердің белсенді мүшелері, полиция қызметкерлері марапатталды. Оларға облыстық полиция департаменті мен ардагерлер кеңесі атынан Алғысхаттар мен Құрмет грамоталары табысталды.

Қоғамдық тәртіпті сақтау – құқық қорғау органдарының ғана емес, әр азаматтың, әр отбасының, тұтас елдің ортақ жауапкершілігі. Бұл форум – соның бір айқын дәлелі.