Ұрпаққа өшпес өнеге

0 126

Парламент Сенатының депутаты, көрнекті қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі облысымызға жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар тарихи-мәдени және рухани орындарды аралады. Сапардың алғашқы күнінде депутат Тараз қаласындағы «Даңқ залы» мен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналған музейге арнайы барды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Экскурсия барысында халық қалаулысына облыстағы патриоттық тәрбие жұмыстарының жүйесі, музей қоры мен жәдігерлердің құндылығы туралы толық мәлімет ұсынылды. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын «Даңқ» залының экспозициясы 1941–1945 жылдар аралығындағы соғыс жылдарын қамтиды. Мұнда сол кезеңдегі майдан көріністерін бейнелейтін 1,5 миллионнан астам фотошежіре мен 200-ден аса құжат қойылған. Мұражайда 1941 жылғы Мәскеу шайқасы, Панфилов дивизиясының ерлігі, Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» жыры, Сталинград пен Курск шайқастары, сондай-ақ Қызыл Армияның Еуропаны азат етуі сияқты тарихи оқиғаларға арналған фотолар мен деректер жинақталған. Әр қабырға – бір жыл шежіресі, әр сурет – ұрпақ жадындағы тарихи сабақ.

Ал, Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа музей кешенінде батырдың өмір жолына арналған құнды жәдігерлер қойылған. Балалық шағынан бастап, әскери қызметі, шығармашылығы мен отбасы өмірі қамтылған деректер мен экспонаттар келушілерге мол мағлұмат береді. Батырдың полковник шеніндегі шинелі, майданда қолданған картасы, жазу құралдары, орден-медальдарының көшірмелері, жеке қаруы мен фотоқұжаттары – барлығы батыр рухын жаңғыртатын асыл мұра.

Музей жұмысымен таныса келе Дархан Қыдырәлі:

– Батыр Баукеңнің жүріп өткен жолы – бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге. Оның мол мұрасы – зерттеуді қажет ететін рухани қазына. Музейдің бұл мұраны ұлықтаудағы рөлі зор. Осы ретте музей қорын батырдың майдан даласында өз қолымен жазған шежіресімен және Тұрар Рысқұловтың портретімен толықтыруды ұсынамын. Себебі, Баукең мен Алаш қайраткерлері арасындағы тарихи байланыстың да мәні терең, – деді.

Сапар аясында сенатор Тараз қаласындағы «Қолөнершілер үйі» креативті хабының жұмысымен де танысты. Мұнда ұлттық қолөнерді жаңғырту, шеберлер мен жастарға қолдау көрсету бағытында атқарылып жатқан жобалармен танысып, шеберлермен тілдесті.

Бұдан бөлек, Дархан Қыдырәлі ерте ортағасырлық «Бесағаш» елді мекенінде археологиялық зерттеу жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, шығармашыл жастармен ашық форматта кездесу өткізіп, олармен еркін пікір алмасты. Кездесуде жастар тарапынан өңір руханиятына қатысты ұсыныстар мен идеялар айтылды. Өз кезегінде депутат жастардың белсенділігіне жоғары баға беріп, олардың бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.