Ұрланған жылқылар «GPS» арқылы тез табылды
Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданы полиция бөліміне жайылымнан жылқылар жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Полицейлер ұрланған 11 бас жылқыны «GPS» арқылы ізін суытпай тапқан, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Мал иесі жылқыларға алдын ала орнатылған «GPS» бақылау құрылғысы арқылы олардың белгісіз бағытқа қарай қозғалып бара жатқанын байқап, дереу 102 нөміріне хабар берген.
Полицейлер түнгі қар аралас жаңбырға қарамастан, «GPS» деректері негізінде күдіктілердің бағытын анықтап, із кескен. Нәтижесінде көршілес ауыл аумағынан 11 бас жылқы толық табылып, заңды иесіне қайтарылды.
Жуалы ауданының бір тұрғыны анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала сөз байласуы арқылы топ болып, ірі мөлшерде бөтеннің малын жасырын жымқыру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды.