Ұлтқа қызмет ету – заманауи медианың басты миссиясы

0 43

Бүгін елорда төрінде дәстүрге айналған «Astana Media Week 2025» апталығы өз шымылдығын түрді. Ірі медиа жиын дәстүрлі түрде «Қазмедиа орталығында» өтіп жатыр. Биылғы форумның басты ұраны — «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» деп белгіленді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Үш күнге жоспарланған медиа апталыққа еліміздің және шетелдің ақпарат саласындағы жетекші мамандары, журналистер, продюсерлер, блогерлер мен медиа ұйым өкілдері қатысуда. Олар қазіргі заман медиасының даму бағыттарын, жаңа технологиялардың ықпалын және жасанды интеллекттің журналистикаға енгізілуін талқылайды.

Бағдарлама мазмұны өте кең. Форум барысында қоғамдағы журналистиканың рөлі, контент экономикасы, деректі фильм өндірісі мен стриминг платформалардың өсуі сияқты тақырыптар күн тәртібіне шықты.

Алғашқы күні қатысушылар қоғамдық кеңістік пен ашық диалог мәдениетін дамытуға назар аударды. Екінші күн — медиа шеберлік пен инновацияларға, яғни жаңа форматтар мен технологиялық шешімдерге арналмақ. Үшінші күннің қорытындысында отандық медианың үздік жобалары мен мамандары марапатталады.

«Astana Media Week» бүгінде Қазақстандағы ең беделді медиа алаңдардың біріне айналды. Ол ақпараттық саясаттың негізгі бағыттарын айқындап қана қоймай, саланың дамуына серпін беріп келеді. Форум жыл сайын жүздеген қатысушыны біріктіріп, тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестіктер орнатуға мүмкіндік туғызады.

«Astana Media Week» — бұл тек кәсіби пікірталас емес, ұлттық ақпарат кеңістігінің болашағын айқындайтын маңызды басқосу.