Ұлт рухын ұлықтаған ұя: болашақ сарбаздарды тәрбиелейтін әскери мектеп
Ел болашағы – отансүйгіш, рухы биік, тәртібі мығым жастардың қолында. Бұл тұрғыда әскер – кез келген жігіт үшін тек борыш қана емес, нағыз өмір мектебі. Қолына қару ұстап, ел қорғауға ант берген әрбір жауынгер Отанға деген сүйіспеншіліктің, патриотизм мен рухани-адамгершілік құндылықтардың жарқын үлгісін көрсетуі тиіс. Мұндай қасиеттер өздігінен қалыптаспайтыны белгілі. Ол – жүйелі әскери-патриоттық тәрбиенің жемісі, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Мамандардың пікірінше, баланың бойындағы ұлттық сана мен отансүйгіштік қасиеттер мектеп жасынан қалыптасуы қажет. Осы орайда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы, арнайы сыныптар мен клубтардың маңызы зор. Бұл ұйымдар арқылы жасөспірімдер ерте жастан әскери өмірдің тәртібіне бейімделіп, жауапкершілік пен шыдамдылықты бойына сіңіреді.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – даңқты қолбасшы, «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының есімі берілген мамандандырылған әскери мектеп-интернаттың ашылуы. Бірер күн бұрын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ұйытқы болуымен бір топ журналист аталған білім ордасына арнайы барып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты.
Естеріңізде болса, өткен жылдың желтоқсан айында өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз қаласында жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа арнайы ат басын бұрған болатын. Сол сапар барысында Президент бұл оқу орнына Бауыржан Момышұлының есімін беру жөнінде ұсыныс айтып, мұндай мектептердің еліміздің барлық өңірінде ашылуы керектігін атап өткен еді.
Шын мәнінде, әскери-патриоттық тәрбие – қоғам үшін өзектілігін ешқашан жоғалтпайтын мәселе. Өкінішке қарай, мектеп бағдарламасындағы «Алғашқы әскери дайындық» пәні қазіргі талапты толық өтей алмай отырғаны жасырын емес. Оқытушылардың тәжірибесі мен пән мазмұнына қатысты кемшіліктер де бар. Осы олқылықтың орнын толтыруда Жамбыл жерінде ашылған әскери мектеп-интернаттың орны ерекше.
Оқу орны директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Қожагельдиеваның айтуынша, мектеп-интернатта білімі мен білігі сай, іріктеуден өткен тәжірибелі ұстаздар еңбек етеді. Болашақ әскери мамандарды қабылдау екі кезеңнен тұратын қатаң конкурстық іріктеу арқылы жүргізіледі.
– Былтыр облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен мамандандырылған әскери мектеп-интернат құрылып, жарғысы бекітілді. Білім беру бағыты – жаратылыстану-математикалық. Мектеп 320 орынға арналған. Қазіргі таңда мұнда оқу кабинеттері, жатақхана, асхана, спорт залы, саптық алаң, футбол алаңдары, STEM, IT және робототехника кабинеттері толықтай жұмыс істеп тұр, – дейді Ұлжан Алмасқызы.
Мектептің басты мақсаты – оқушының бойына ұлттық рух пен патриоттық сананы сіңіре отырып, интеллектуалды әлеуеті жоғары, физикалық тұрғыдан дайын, тәртіп пен жауапкершілікті терең сезінетін жас азамат тәрбиелеу. Бұл – тек білім беретін емес, болашақ Отан қорғаушыларды қалыптастыратын ерекше білім ордасы.
Өткен жылы оқуға түсуге 500-ге жуық үміткер өтініш білдірсе, олардың арасынан 180 бала іріктеліп алынған. Үміткерлердің академиялық білімімен қатар физикалық дайындығы, денсаулығы мен психологиялық орнықтылығы жан-жақты тексерілген. Қазіргі таңда мұнда еліміздің түрлі өңірлерінен келген оқушылар білім алуда.
Болашақта әскери мектеп түлектері Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, ІІМ, ТЖМ және басқа да күштік құрылымдардың жоғары оқу орындарында білімін жалғастыра алады.
Осындай шәкірттердің бірі – Жуалы ауданының тумасы Еркебұлан Оралбек. Ол бала күнінен спортпен шұғылданып, төзімділік пен тәртіпті өмірлік ұстанымына айналдырған.
– Әжемнің тәрбиесі маған қиындыққа мойымауды, жауапкершілікті сезінуді үйретті. Әскери мектептегі қатаң тәртіп мені шыңдай түсті. Болашақта Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет еткім келеді, – дейді ол.
Иә, әр бала үшін отбасылық мейірім қымбат. Алайда белгілі бір жасқа жеткенде әскери мектеп-интернатта білім алу – екінің біріне бұйыра бермейтін мүмкіндік. Мұнда жасөспірімдер төзімділікке үйреніп, ел мен жерге деген шынайы сүйіспеншілікті терең сезінеді.
Бұл – мемлекетіміздің келер ұрпаққа жасап отырған қамқорлығының айқын көрінісі. Ендігі міндет – сол сенімді ақтайтын, ел намысын қорғайтын азамат болып қалыптасу.