ҰБТ-дан жоғары балл жинаған оқушыға пәтер берілді

0 185

Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары балл жинап, көптің назарын аударған талапты түлек – алматылық Айша Сатыбалды.

Мақсат қойып, соған жетудің нақты үлгісін көрсеткен жас түлек 140 балл жинап, биылғы ҰБТ-ның ең үздік нәтижесіне қол жеткізді. Бұл – биылғы ҰБТ қорытындысындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Айша 10-сыныптан бастап, білімін тереңдетіп, ҰБТ-ға жүйелі түрде дайындала бастаған. Ол білім алып, дайындалған — «135 High School» мектебі. Талапты түлек дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілін таңдаған. Бұл – оның болашақтағы мамандық бағыты мен қызығушылығына сай жасалған саналы шешім.

— ҰБТ сұрақтары аса қиын болған жоқ. Ең бастысы – тұрақты дайындық пен дұрыс жоспар. Соңғы екі жылда тек ҰБТ-ға бағытталған жүйелі еңбегім өз нәтижесін берді, — дейді Айша Сатыбалды.

Айшаның бұл жетістігі елеусіз қалмады. «135 High School» мектебінің әкімшілігі үздік оқушыға Алматы қаласынан пәтер сыйлап, зор қолдау көрсетті. Бұл – еліміздегі білім беру мекемелерінің дарынды балаларға деген айрықша құрметінің бір дәлелі.

Мектеп ұжымы мұндай қадам арқылы білімге деген құлшынысты арттырып, өзге оқушыларға да үлкен мотивация беруді көздегенін атап өтті. Шынында да, бұл жаңалық көпшілік арасында қызу талқыланып, жастарға шабыт бергені сөзсіз.

Айша өзінің жетістігін барша талапкерлерге арнап:

– Білім – ең сенімді инвестиция. Еңбектенсеңіз, оның өтеуі міндетті түрде қайтады. Ең бастысы – өзіңізге сеніңіз, – деген жүрекжарды тілегін білдірді.

Айта кетейік, 2025 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары балл алған екі оқушы тіркелген. Соның бірі – Айша Сатыбалды.

Осындай дарынды жастар – еліміздің ертеңіне сенім ұялататын шынайы үміт. Білім жолында қажыр-қайрат танытып, жоғары нәтиже көрсеткен әрбір жастың табысы — елдің табысы.