Елдос Сметов 2013 жылдан бері чемпион болуға дайындалғанын айтты
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов «Gap Podkast» «YouTube» арнасына берген сұқбатында өзінің арманына қалай жеткенін айтып берді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Дзюдошы ақ қағазға үнемі өзінің жеңіске жететінін жазып, чемпион болатынына іштей сенім болғанын айтады.
Қолыма қалам-қағаз алсам, аты-жөнімді жазып, қолтаңбамды қоямын. Біреуге өтірік, біреуге шын. Бұрын үйде жүргенде 2013 жылы алдыма қойған жоспарларымды қағазға түсірдім. Сол кезде 2014 жылы Азия ойындарын жеңемін, 2015 жылы әлем біріншілігін жеңемін, 2016 жылы Олимпиада ойындарын жеңемін деп жазған едім. Ақ қағаздың бәрін толтырып, сол мақсатыма жету жолдарының бәрін жазып, қағазды бүктеп, үйде тұрған вазаның ішіне салып қоямын. Арада 3-4 жыл өтіп, 2016 жылы Рио Олимпиадасынан келіп, үйде ойланып жатқанымда, жаңағы қағаз есіме түседі. Вазаны әрі-бері төңкеріп әбден іздеп таппадым. Егер сол қағазды тапсам, әр жетістіктің күні мен датасы жазылғаны үлкен тарих болып қалатын еді. Бұл сөзіме кейбіреулер сенбеуі мүмкін, — деді Елдос Сметов.
Спортшының айтуынша, қағазға жазып қойғаннан кейін сол мақсатты орындау үшін еңбек ету керек.
Адам жақсы көріп айналысқан нәрсесі болса, түбіне жетудің жолдарын іздей бастайды. Бірдеңені көріп қалса, қағазға есіне сақтап қою мақсатында жазады. Мысалы, Олимпиада чемпионы деген жазуды көру маған мотивация болды. Өзімді-өзім ояту, қамшылау мақсатында мен аянбай еңбек етуім керек екенін өзіме еске салып отыру мақсатында көрген жерде қағазға «Елдос Сметов — Олимпиада чемпионы» деп жаза беретінмін. Бұл мен үшін әдетке айналды, әрі мақсат болды. Сол сияқты облыс басқармасының басшысы Ернар Ибраевпен кездесуде отырғанда 3 ай бұрын қағазға солай жаздым да, өзіммен бірге алып кетемін деп отырғанмын. Ол қағазды мыжып, өзіммен бірге алып кетемін деп ойладым. Бірақ, Ернар Ибраев қағазды алып қойды. Ойымда түк жоқ, «ол қағазды не істейді» деп ойлағанмын. Әлеуметтік желіде қазір бәрі «3 ай бұрын жазып кетті» деп шулап жатыр ғой, — деді ол.