Үкіметте заң саласын цифрландыру мәселесі талқыланды
Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің тапсырмасын орындау аясында әділет органдарын цифрландыру мәселелері бойынша жиын өткізді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Жиында құқықтық жүйенің негізгі бағыттарына цифрлық шешімдерді енгізу қарқынын пысықтау, атқарушылық іс жүргізудің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, сот-сараптама қызметін жаңғырту және халықтың құқықтық көмекке қолжетімділігін кеңейту жөніндегі шаралар қаралды.
Олжас Бектенов цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу барлық саланың даму тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы күні кеше іске қосқан суперкомпьютер еліміздегі цифрлық дамудың жаңа парағын ашып отыр. Бұл — Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер, сондай-ақ, аймақтағы ең қуатты есептеп шығару құрылғысы. Оның мүмкіндіктері мемлекеттік органдар, ғылыми институттар, жоғары оқу орындары мен бизнес үшін қолжетімді болмақ. Сондықтан барлық ведомстволар осы бағыттағы жұмысты жандандыруы тиіс», деді Олжас Бектенов.
Жиында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев саланың цифрлық трансформациясы және жаңа сервистерді енгізу туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, «E-нотариат» жүйесінде 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап «Тараптардың жеке кабинеті» пайда болды. Функция борышкерге атқарушы жазбаға онлайн режимде келісім немесе қарсылық білдіруге мүмкіндік береді. Биометриялық сәйкестендіру және аумақтылықтың сақталуын бақылау қамтамасыз етіледі.
Осы сервисті енгізудің арқасында 450 мыңнан астам азамат хабарлама алып, оның ішінде 43 мыңнан астамы қарсылық білдіру мүмкіндігін пайдаланған. Нәтижесінде осы бағыт бойынша шағымдар саны 20%-ға қысқарған.
Атқарушылық іс жүргізу саласында «Цифрлық ассистент» көмекшісі енгізілген. Жүйе қаулыларды бақылауға және қарызды онлайн төлеуге мүмкіндік береді, жеке сот орындаушылары (ЖСО) үшін орындау мерзімі туралы еске салу функциясы енгізіліп отыр. Сонымен бірге ЖСО-лар арасында атқарушылық құжаттарды автоматты түрде бөлу тетігі іске қосылды. Бұл заңсыз уағдаластықтар мүмкіндігін болдырмайды және әкімшілік жүктемені азайтады.
Ерлан Сәрсембаев «Е-Сараптама» жүйесінде тірі адамдарды куәландыру бойынша пилоттық модуль іске қосылғанын хабарлады. Мұндай цифрлық шешім ұйғарым беруді және тексеру шаблондарын пайдалануды автоматтандыру есебінен сот сараптамаларының сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар бұл модульдің адами факторды азайту және ашықтықты арттыру мақсатында жасанды интеллект функцияларын пайдаланатын жаңа нұсқасы әзірленіп жатыр.
Халыққа құқықтық көмек көрсету шеңберінде осы жылдың мамыр айынан бастап «Әділет» және «Е-Заң көмегі» жүйелерінде жасанды интеллект базасында «Цифрлық консультант» іске қосылған. Сервис азаматтарға типтік үлгідегі құқықтық сұрақтар бойынша автоматты түрде ақыл-кеңес береді. Осылайша мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтады.
Үкіметтің баспасөз қызметі, құқықтық нормалар шығармашылығы саласында да цифрлық шешімдер әзірленіп жатқанын хабарлады. Министрлік авторлық құқықтарды ұжымдық негізде басқару үшін зияткерлік меншік бойынша Бірыңғай цифрлық платформа құру туралы заң жобасына бастамашылық жасады. Сервисті іске қосу 2026 жылға жоспарланған.
Премьер-министр әділет органдарының еліміздің құқық жүйесіндегі маңызды рөлін ерекше атап өтті. Құқықтық рәсімдердің ашықтығын, қолжетімділігі мен жеделдігін арттыратын заманауи құралдарсыз тиімді құқық қолдану практикасын жүзеге асыру мүмкін еместігі атап өтілді.