Үкімет шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын ұсынды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда «Іскер аймақ» бағдарламасы қаралды. Жоба шағын бизнесті дамытуды көздейді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
«Іскер аймақ» жобасы – өңірлерде, әсіресе моно және шағын қалаларда, сондай-ақ ауылдық жерлерде шағын және микробизнесті дамытуға бағытталған.
Премьер-министрдің айтуынша, қуатты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпкерліктің дамуы – орнықты экономикалық өсудің негізгі факторы.
«Өздеріңізге мәлім, жуырда Мемлекет басшысы іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін жедел түрде шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын қабылдауды тапсырды.
Үкімет шағын және микробизнесті нақты қолдауға, өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, өндірісті дамытуға бағытталған кешенді құжатты әзірледі», деді Олжас Бектенов.