Үкімет Президент тапсырмаларын жүзеге асыруға кірісті
Премьер-министр Олжас Бектенов 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
«Президентіміз атап өткендей, жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түскен. Конституциялық реформаның көздеген мақсаты да осы – ауқымды саяси жаңғырумен қатар, экономиканың сапалы өсу қарқынын арттыра түсуге бағытталып отыр. Яғни, бірінші кезекте, халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыруға басымдық берілуге тиіс. Бұл – біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет», деді Олжас Бектенов.
Кеңесте Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы Премьер-министрдің орынбасарлары, министрлер және «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы баяндама жасады.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықтың әл-ауқатын жақсарту жоспары туралы баяндады. Жұмыстың басым бағыттары ретінде табыстың өсуі, инфляцияны төмендету және нақты секторды қолдау аталды. Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляция деңгейін 9-11%-ға дейін төмендету жөніндегі жоспар әзірленетіні айтылды. 1 мамырға дейін Халық табысын арттырудың 2026-2029 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданады. Сондай-ақ бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын Egov Business платформасында «бір терезе» қағидаты бойынша дамыту жалғасады.
Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау және ЖИ шешімдерін енгізу мәселесіне назар аударылды. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев KEDEN және Қаржы министрлігінің салықтық әкімшілендіру платформалары, су тасқынын болжауға арналған Tasqyn, автожолдар саласындағы eJoldar, тасымалдау саласындағы Smart Cargo және басқа да салалық жүйелер туралы баяндады. Әлеуметтік әмиян және үй шаруашылықтарының цифрлық профильдері дамытылып жатыр, бұл қолдау шараларының тиімділігін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ХҚКО-ға келушілер санын 2,3 млн-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелерді бірыңғай QazTech платформасына көшіру, киберқауіпсіздікті күшейту, салалық Data Lake жүйелері мен ЖИ агенттерін қалыптастыру жоспарланған.
«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың инвестициялық портфелін жүзеге асыру барысы және 2026 жылға арналған жоспарлар, оның ішінде жаңа жобаларды іске қосу туралы баяндады. 2026-2030 жылдар аралығында 27 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тарту міндеті және цифрландыру нәтижелері, соның ішінде 5 жыл ішінде жиынтық әсері 1,3 миллиард долларды құрайтын ЖИ жобаларын енгізу мәселелері жеке атап өтілді. Премьер-министр қордың құрылымын одан әрі трансформациялау мәселелерін, оның ішінде қажет болған жағдайда жекелеген компанияларды біріктіру арқылы қарастыруды тапсырды.
Қаржы министрі Мәди Такиев салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру, бюджет шығыстарының ашықтығын арттыру жөніндегі тәсілдерді енгізу туралы баяндады. Бірінші жартыжылдықта Тауарлардың ұлттық каталогін іске қосу жоспарланып отыр. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрлық форматқа көшіру жеделдетіліп келеді. Тиімсіз шығыстарды қысқарту мақсатында бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізіледі. Сондай-ақ бюджет қаражатының қадағалануы үшін цифрлық теңгені қолдану аясы кеңейтіліп жатыр.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және саланы дамыту шаралары туралы баяндады. 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба дайындалып, қоғамдық талқылауға шығарылды, еліміздің энергетикалық негізін нығайту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы саласы бойынша Президент тапсырмасына сәйкес, жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарының қуатын кеңейту жобалары белгіленіп, жаңа МӨЗ салу мәселесіне де назар аударылды. 2029 жылға дейін ірі мұнай-газ химиясы бойынша бірқатар жобаны іске қосу жоспарланып отыр, «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.