Уақыттың куәсі, елдің айнасы, рухтың мінбері
Абай облыстық «Semei» телеарнасының ақпарат кеңістігіне қадам басқанына биыл 60 жыл толды. Алты онжылдық ішінде арна өңірдің айнасына, ел мен билік арасын жалғаған сенімді көпірге айналып, ұлттық рухты дәріптеуге, ақпараттық мәдениетті дамытуға өз үлесін қосып келеді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Бүгінде «Semei» телеарнасы тәулігіне 14 сағат бойы хабар таратып, көрерменге 30-ға жуық авторлық бағдарлама ұсынады. Жаңалықтар қызметі күніне бес рет эфирге шығатын арна жақында «Digital Semei» шығармашылық бөлімін ашып, жаңа медианы дамытуға бет бұрды.
Арна ұжымы соңғы жылдары көптеген ілкімді іске мұрындық болды. Атап айтқанда, Қытай Халық Республикасынан тікелей ақпарат таратып, халықаралық деңгейде алғаш рет эфирге шықты. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы тұсында телеарна әлеуметтік желілерде жедел ақпарат таратып, тікелей эфирлер ұйымдастырды. Сонымен бірге биыл тәрбиелік мәні бар бейнероликтер мен бірнеше деректі фильмдер түсірілді.
Мерейтой аясында Семей қаласындағы бір көшеге Қазақстанның халық әртісі, әйгілі диктор Әнуарбек Байжанбаевтың есімі берілді. Бұл да тележурналистика саласына еңбегі сіңген тұлғаларға деген айрықша құрметтің белгісі.
Телеарнаның 60 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын Абай атындағы облыстық кітапханада өтті. Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының директоры, белгілі журналист Болат Мүрсәлім, ардагер журналистер және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде арнаның тарихына тоқталып, тележурналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігін ерекше атап өтті.
– Алпыс жыл – бір ұжымның ғана емес, бүкіл өңірдің шежіресі. Семей телеарнасы – уақыттың куәсі, елдің айнасы, рухтың мінбері. Ұлт мұратын ұлықтауда, елдің тынысын жеткізуде арнаның рөлі зор. Бүгінгі мерейтой – өткенге тағзым, болашаққа сенім», – деді Берік Уәли.
Іс-шара барысында телеарна ардагерлері мен қазіргі қызметкерлеріне мерейтойлық марапаттар тапсырылды. Сонымен қатар облыс әкімі телеарна ұжымына өңір жұртшылығы атынан жаңа автокөліктің кілтін табыс етті.
Алпыс жылдық тарихын артқа тастап, жаңа кезеңге қадам басқан «Semei» телеарнасы ақпарат айдынында тың серпінмен жұмысын жалғастырмақ.