Тәжірибе арқылы шыңдалған шеберлік
«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының басты мақсаты – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсат аясында Жамбыл облысының Талас ауданынан әскери міндетті азаматтар жиынға шақырылып, он күннен бері Айша-Бибі полигонында әскери-оқу жаттығуларына белсене қатысып жатыр, – деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Жиын барысында әскери міндеттілер тәжірибелі нұсқаушылардың қадағалауымен қару қолдану, дала жағдайындағы тактикалық іс-қимылдар және әскери дайындықтың өзге де бағыттары бойынша машықтарын жетілдіруде.
Олардың басым бөлігі бұған дейін мерзімді әскери қызмет атқарған. Дегенмен, қазіргі уақытта білім мен дағдыларды жаңарту аса маңызды. Мұндай жиындардың басты мақсаты – қажет болған жағдайда өңірдегі маңызды нысандарды – зауыттар, әкімшілік ғимараттар, инфрақұрылымдарды – қорғауға дайын резервті даярлау.
Жиынға түрлі маман иелері шақырылған. Бірі өз жұмыс орнын уақытша қалдырса, енді бірі жауапты қызмет атқаратындықтан жұмыстан қол үзу біраз қиындық тудырған. Мәселен, Талас ауданына қарасты Үшарал ауылдық округінің әкімі Самат Ақпанбетов ауылшаруашылығының науқанды кезеңі – көктемгі егіс жұмыстарының қызған шағында да, әскери дайындықтың мемлекеттік маңызын ескере отырып, еш күмәнсіз қызметін уақытша тапсырып, әскери жиынға келген.
– Қазір – ауылшаруашылығы үшін өте маңызды кезең. Жер жыртып, егін егу, мал азығы мәселелерін шешу сынды көптеген жұмыстар бар. Дегенмен, әскери дайындық – бұл да мемлекет үшін аса маңызды мәселе. Сондықтан шақыру алған бойда барлық жұмыстарымды 10 күнге жоспарлап, қызметімді сенімді адамдарға тапсырдым, – дейді әкім Самат Ақпанбетов.
Отан қорғау – әр азаматтың борышы. Самат Ақпанбетов секілді жиынға келгендердің барлығы әскери машықтарын жаңғыртып, қажет болған жағдайда біртұтас әрекет етуге дайын болу мақсатында жаттығуда.
Жұмысынан уақытша қол үзу тек ауылшаруашылығы саласындағы мамандарға ғана емес, басқа да саланың өкілдеріне оңай соқпаған. Талас ауданы білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов оқу жылының аяқталуы мен мектеп бітірушілердің емтихан кезеңімен тұспа-тұс келген қарбалас шақта әскери жиынға келуді азаматтық борышым деп есептейді.
– Өзім де басшылық қызметтемін. Практикалық дағдыны жаңғырту – кез келген салада маңызды. Білім саласында да осы қағиданы ұстанып келемін. Сондықтан әскери жиынға қатысу туралы шақыруды ризашылықпен қабылдадым. 10 күн – жұмыс үшін үлкен үзіліс емес, есесіне жаңа білім мен тәжірибе аламыз, – дейді Мақсат Қазанғапов.
Әскери міндетті азаматтар аумақтық қорғаныс батальонының құрамына кіріп, ерекше кезеңде аудан өмірі үшін маңызды нысандарды күзетіп, тіршіліктің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге жауапты болады. Оқу-жаттығу үдерісі нақты жағдайға барынша жақын етіп ұйымдастырылған. Жаттығудың мақсаттарын толық түсініп, тәжірибе жүзінде меңгеру – кез келген оқу-жауынгерлік міндеттерді табысты орындаудың кепілі.
– Бұл жиын – дайын резервті қалыптастырудағы маңызды кезең. Мұнда келгендердің бәрі өз жауапкершілігін толық сезінеді, – дейді Жамбыл облысының аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, подполковник Данияр Мұратбеков. – Әскери міндеттілер бұрынғы білімдерін еске түсіріп қана қоймай, жаңа машықтарға да үйренуде. Болашақта қажет болған жағдайда сапқа сенімді түрде тұра алады.
Сабақ барысында жоғары нәтижеге ұмтылу мен қызметтік міндеттерді адал атқару көптеген әскери міндеттілерге запастағы әскери шенін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Жиын қорытындысы бойынша аумақтық қорғаныс бригадасының басшылығы Жамбыл облысының әскери басқару органдарына тиісті ұсыныстар жолдайтын болады. Яғни, практикалық дағдыларды шыңдаумен қатар, қатысушылар үшін әскери дәреже өсіру мүмкіндігі де жақсы ынталандырудың бірі болмақ.