Тұшпара түйіп, табысқа жеткен
Ауылда отырып-ақ өз кәсібін дөңгелету – бүгінде арман емес, нақты мүмкіндік. Қордай ауылында тұратын Марал Жазықбаева – осы сөздің жарқын дәлелі. Ол үй жағдайында бастаған қарапайым ісін біртіндеп кәсіби деңгейге шығарып, бүгінде жартылай фабрикат өнімдер цехын іске қосуға бір қадам қалдырып отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Марал Қоңыртайқызының кәсібі – үйде тұшпара түюден басталған. Алғашында тек өз дүкенінің сөресіне салып көрген тұшпара күтпеген сұранысқа ие болады. Жұртшылық іздеп келіп сатып ала бастаған соң, кәсіпкер бұл істі кеңейтуге бел буады.
– Екі жыл бұрын үйде тұшпара түйіп, дүкенге қойдым. Сатып алушылар саны күн санап артып жатты. Содан кейін неге осыны кәсіпке айналдырмасқа деген ой келді, – дейді Марал Қоңыртайқызы.
Осы ойдың жетегінде жүріп, ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естиді. Құжаттарын реттеп, бағдарламаға қатысуға өтініш береді. 2024 жылдың соңында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, нағыз кәсіпкерлік жолына нық қадам басады.
– Қаражат қолға тиген бойда іске кірістім. Қамыр илегіш, мұздатқыш, пеш, ет тартқыш – бәрін де жаңадан сатып алдым. Бұл техника – жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, өнім сапасын да арттыруға мүмкіндік беріп отыр, – дейді кәсіпкер.
Қазір Марал үйінің ауласындағы бос тұрған бір бөлмені жөндеп, шағын цех ретінде жабдықтап қойды. Әзірге денсаулығына байланысты өндіріс толық іске қосылмаса да, алдағы күнге деген сенімі зор. Болашақта тұшпарадан бөлек, манты, самса, вареники, тефтели, кеспе және қамырдың бірнеше түрін өндіру жоспарда бар.
– Біздің өнім – үй дәмі сақталған табиғи тағам. Ешқандай қоспасыз, тек сиыр етінен жасаймыз. Қамыр илегіш аппарат 1-2 сағатта 16 келі қамыр дайындай алады. Бұл – өндірістік ауқымға шығуға толық мүмкіндік, – дейді ол.
Жақын болашақта Марал Жазықбаева өз цехының жұмысын жүйелеп, жанынан 1-2 адамды көмекке алуды да жоспарлап отыр. Бұл – ауылдағы жұмыссыз жүрген әйелдерге де жақсы мүмкіндік болмақ.
– Үлкен арманым – ауыл халқына қолжетімді, дәмді әрі сапалы өнім ұсыну. Бір отбасының дастарқанына дәм қосып жатсам – еңбегімнің өтеуі сол, – дейді үш баланың анасы.
Маралдың шаңырағы – нағыз еңбек пен ұйымшылдықтың үлгісі. Жолдасы мен балалары оның ісіне қолдау білдіріп, отбасы бірлесіп кәсіптің дамуына атсалысуда. Қызы мен ұлы анасынан үлгі алып, еңбекке жақын болып өсіп келеді.
«Ауыл аманаты» секілді жобалар дәл осындай азаматтарға арқау, тірек болуда. Қаржылай қолдау ғана емес, сенім сыйлайтын, болашаққа жол ашатын бағдарлама ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға нақты ықпал етіп отыр.