Түлектер кортежі дрон арқылы бақыланады

0 226

Жамбыл облысында мектеп бітіруші түлектерге арналған мерекелік іс-шаралар қарсаңында полиция қызметі күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге көшті. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңір бойынша 725 полиция қызметкері мен 274 автокөлік жұмылдырылды. Құқық қорғау органдарының өкілдері мектептерде үздіксіз кезекшілік атқарып, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев аймақ аумағында жоғары деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, қоғамдық тәртіпті нығайтуды, адамдар көп жиналатын орындарда патрульдеу мен бақылауды күшейтуді тапсырды.

Қауіпсіздік шараларының бір бөлігі ретінде Орталық жедел басқару орталығы тәулік бойы бейнебақылау жүргізіп, кез келген оқыс оқиғаға жедел әрекет етуге дайын.

Айта кетерлігі, биылғы оқу жылын аяқтаған түлектердің автокортеждеріне ерекше назар аударылып отыр. Аталған кортеждер тәртібін қадағалау үшін алғаш рет әуеден бақылау жүргізу тәжірибесі қолданылады. Бұл мақсатта дрондар (беспилотты ұшақтар) іске қосылып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қоспақ.

Мұндай заманауи тәсілдер полиция жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, жастардың заңға бағынуын қамтамасыз етуге де бағытталған. Құқық қорғау органдары ата-аналар мен түлектерді қоғамдық тәртіпті сақтауға, қауіпсіздік ережелерін бұзбауға және заң талаптарын қатаң орындауға шақыруда.