«Түйте» каналы – тараздықтардың жаңа демалыс мекені

0 146

Тараз қаласы тұрғындарының тынығуына арналған тағы бір жайлы орын ел игілігіне берілді. «Ұлы дала» шағынауданы мен «Бұрыл» алқабын байланыстыратын «Түйте» каналы толықтай абаттандырылып, заманауи келбетке ие болды, деп жазады «» ақпараттық агенттігі.

Аталған нысанның ашылуына орай, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жергілікті тұрғындармен кездесіп, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты. Сапар барысында қала әкімі Бақытжан Орынбеков жобаның жүзеге асу барысын баяндап, алдағы уақытта абаттандыруы жоспарланып отырған «Үшбұлақ» және «Қарасу» арналарына қатысты жоспарларды таныстырды.

Өңір басшысы өз сөзінде Тараз қаласында жалпы ұзындығы 82 шақырымды құрайтын 8 ирригациялық каналдың бар екенін, бұл желілердің қала инфрақұрылымы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Бюджет мүмкіндігіне қарай, аталмыш каналдарды кезең-кезеңімен жаңғырту тапсырмасы берілген.

«Түйте» каналының абаттандырылуы барысында «СенімҚұрылысСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауқымды жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, 1,7 шақырымға созылған канал жағалауы толық абаттандырылып, 9,1 шақырым тротуар төселді. Сонымен қатар, 13,5 мың шаршы метр аумаққа декоративті жабын төселіп, 11,3 мың шаршы метр жер көгалдандырылды.

Бүгінде су арнасының айналасы таза әрі жайлы серуен аймағына айналған. Жергілікті тұрғындар жаңартылған аумақтың тынығуға өте қолайлы екенін айтады. Солардың бірі – зейнеткер Шарапат Сайлаубаева өз пікірін былай білдірді:

– Бұрын бұл маң ұмыт қалғандай күйде еді. Қамысы қаптап, адам аяғы сирек басатын. Енді мүлде басқаша. Айналасы көркейіп, жарық шамдар мен орындықтар орнатылып, шағын көпірлер салыныпты. Біз секілді қариялар үшін кешкі серуенге, замандастармен әңгіме-дүкен құруға таптырмас орын болды. Бұл игі іске атсалысқандарға алғысымыз шексіз, – деді ол.