Туған жердің тарланына тағзым

0 14

Облыс орталығындағы «Ұлан» спорт кешенінде 2011 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан білікті заңгер, өз ісінің хас шебері және шынайы спорт жанашыры болған Темірлан Арзымбетовты еске алуға арналған республикалық турнир өтті деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Арзымбетовтер әулетінің ұйытқы болуымен жыл сайын өткізіліп келе жатқан турнир 2021 жылдан бері еліміздің бірыңғай спорттық күнтізбесіне енген ресми спорттық іс-шара болып саналады.

Темірлан Исмаділдаұлы Арзымбетов – қызмет жолында өзін кәсіби маман ретінде ғана емес, сонымен қатар саламатты өмір салтын берік ұстанған, спортты жан-тәнімен сүйген азамат ретінде де көрсете білген тұлға. Ол ұзақ жылдар банк саласында табысты еңбек етіп, «Тұран Әлем» банкінің атынан қатысқан футбол жарыстарында үш жыл қатарынан жеңіс тұғырынан көрінген. Сонымен бірге, облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті, «Казфосфат», «Дантист» сияқты түрлі мекемелердің футбол командаларында ойнап, әріптестері арасында құрметке бөленген еді.

Биылғы турнирге Жамбыл облысының құрама командасы (Тараз қаласы), №8 облыстық мамандандырылған БЖСМ құрама командасы (Байзақ ауданы), «Сарыағаш» құрама командасы (Түркістан облысы), «Жас Тараз» футбол клубының құрама командасы (Тараз қаласы), «Сұңқар» футбол клубының құрама командасы (Тараз қаласы), №11 БЖСМ құрама командасы (Байзақ ауданы), «Ұзынағаш» құрама командасы (Алматы облысы) және №40 облыстық БЖСМ құрама командасы (Тараз қаласы) қатысты.

Тартысқа толы бәсекеде жас спортшылар өз шеберліктерін паш етіп, командалық рухтың биік үлгісін көрсетті. Нәтижесінде облысымыздың құрама командасы барлық қарсыластарын артта қалдырып, турнир жеңімпазы атанды. Екінші орынға «Сұңқар» футбол клубының құрама командасы жайғасса, үшінші орын «Ұзынағаш» командасына бұйырды.

Турнир барысында үздік шыққан ойыншылар да арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда Алинұр Асхатұлы («Сұңқар») – үздік қақпашы, Нұрсұлтан Жігер («Ұзынағаш») – үздік қорғаушы, Орынбасар Жүсіп («Сарыағаш») – үздік жартылай қорғаушы, Райс Нұрсәт (Жамбыл облысы) – үздік шабуылшы, Айдар Нұргелді (Жамбыл облысы) үздік ойыншы атанды.