Тәртіп пен жауапкершілік – кемел қоғам кепілі

0 208

Таразда қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік тақырыбына арналған тағылымды іс-шара өтті. «Баласағұн» орталық концерт залында ұйымдастырылған бұл жиынға еліміздің белгілі өнер қайраткерлері, ішкі істер органдарының өкілдері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Іс-шара көрерменді бей-жай қалдырмайтын театрландырылған қойылыммен басталды. Сахналық көрініс қоғамдағы тәртіпсіздік пен немқұрайлылықтың зардабын тереңінен бейнеледі. Бұл көрініс арқылы көрермендерге әр адамның өз әрекетіне жауапты екені, заң мен тәртіпті сақтау – тек полицияның емес, барша азаматтың міндеті екені ұғынықты түрде жеткізілді.

Жиын барысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйлеп, елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, заң мен тәртіп – демократиялық қоғамның іргетасы, әділет пен дамудың кепілі. Бұл қағидатты әр азамат өз өмірлік ұстанымына айналдыруы тиіс. Жастар тәрбиесі – ел болашағының негізі. Сол себепті бүкіл қоғам болып ұрпақ тәрбиесіне атсалысуымыз қажет. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі – бүгінгі қоғам үшін де өзекті, – деді өңір басшысы.

Шара барысында Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев пен ақын, жазушы Абай Қалшабек те сөз сөйлеп, тәртіп пен тәрбиенің қоғамдағы орнына ерекше тоқталды.

– Тараз – ортақ шаңырағымыз. Қаланың қауіпсіздігі мен жайлылығы – әрбір тұрғынның жауапкершілігіне байланысты. Заң мен тәртіп – тұрақты даму мен бейбіт өмірдің кепілі. Оны сақтау – баршамызға ортақ парыз, – деді Бақытжан Малыбаев.

Кеш соңында арнайы жасақ қызметкерлері мен өнер иелері сахналық көріністер қойып, көрерменнің зор қошеметіне ие болды. ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ибрагим Ескендір орындаған патриоттық әндер жастардың рухын көтеріп, кешке ерекше серпін берді.

Мұндай тағылымды іс-шаралар ел ішінде заң мен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз.