Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи апаттарға қарсы жаттығу өткізуде

0 118

2025 жылғы 22–23 мамыр күндері еліміздің барлық өңірлерінде «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Оқу-жаттығудың басты мақсаты – табиғи өрттер кезінде басқару органдарының, күштер мен құралдардың азаматтық қорғау жүйесі аясында әрекет етуге дайындық деңгейін арттыру.

Оқу-жаттығуды үйлестіру мақсатында құрылған жедел штаб Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Майқарағай орман шаруашылығы аумағында орналасқан. Штаб жұмысына ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камалов жетекшілік етуде.

Сондай-ақ жаттығуға ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Тұрғелдиев, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батыргужинов, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен азаматтық қорғау қызметінің өкілдері қатысты.

«Өрт-2025» оқу-жаттығуының алғашқы кезеңі 22 мамыр күні сағат 09:00-де басталды. «Дабыл-1001» сигналы берілгеннен кейін азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштері толық дайындыққа келтірілді. ҚР ТЖМ стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығы тарапынан ірі көлемді табиғи өрт қаупін білдіретін «Жалын» сигналы жеткізілді. Осы негізде өрт жағдайын бағалау және оны жою бойынша шешімдер қабылдау алгоритмдері пысықталды.

Жаттығу барысында мемлекеттік органдар мен республикалық штаб мүшелерінен құралған жедел топтар шұғыл түрде жинақталып, нақты тапсырмалар берілді.

Екі күнге жоспарланған жаттығу аясында барлық өңірлерде профилактикалық шаралар кешені, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының практикалық іс-қимылдары ұйымдастырылуда. Әр мекемеге жеке тапсырмалар әзірленген.

Жаттығуға барлығы 350 қызметкер, 63 техника бірлігі, соның ішінде арнайы техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары (БПЛА) және 6 әуе кемесі жұмылдырылды.