Толық автоматтандырылған кірпіш зауыты іске қосылды
Индустриялық-инновациялық жобалардың үлкен қалаларда ғана емес, аудан орталықтары мен елді мекендерде де іске асуы шағын және орта бизнестің өсіп-өркендеп келе жатқандығын көрсетеді. Соның бір дәлелі Байзақ ауданы, Диқан ауылдық округіндегі «Ескермес» кірпіш шығару өндірістік зауытының іске қосылуы. Жаңа зауыттың ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, сөз сөйледі, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
— Отандық өнімдердің сапасы мен өнімділігін арттыру бағытында ауданда біраз жұмыстар атқарылуда. Аудан негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Соған қарамастан мұнда өндіріс орындары біртіндеп іске қосылып келеді. Өткен айда Үлгілі ауылында шыны шыңдайтын зауыт пайда лануға берілген. Енді міне «Ескермес» кірпіш шығару өндірістік зауыты іске қосылғалы отыр. Бұл зауыттың ерекшелігі – өндіріс толық автоматтандырылған. Жаңа технологиялар өндіріс тиімділігін арттырып, өнім сапасын сапалы деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Ендігі жерде аудан халқы өзімізде шығарылған кірпішті пайдаланып, отандық өнімді қолдайтын болады. Кәсіпкер Берік Жүсіпов өз қаражатынан 1,0 миллиард теңге, инвесторлар тарапынан 1,5 миллиард теңге құйылған өндіріс орнында жылына 36 миллион дана кірпіш өндіріледі деп күтілуде. Маусым кезінде 10-15 адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпкердің алдағы жұмысына сәттілік тілейміз, — деді аймақ басшысы.
Бұдан кейін облыс әкімі Е.Қарашөкеев, Диқан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Ойықбаев, кәсіпкер Б.Жүсіпов зауытты іске қосуға байланысты тетікті басқан бетте үлкен зауыт іске қосылып, гүрілдеген дауыс даланы жаңғыртты. Ауыл апалары жағалай шашу шашып, қуаныштарын білдірді.
Аймақ басшысы бастаған қонақтар іске қосылған зауыттың жұмыс процесімен танысты. Жергілікті материалдар лезде піспеген кірпішке айналып, зауытты айналып шығу барысында күйдіріліп, автомашинаға артылып жатты. Міне мұның барлығы зауыт жұмысының автоматтандырылғанын көрсетіп отыр. Салтанатты шараға аудан әкімі Олжас Баққараев бастаған аудан басшылары, қоғамдық ұйым жетекшілері, ауыл, аудан тұрғындары қатысты.