Темірхан Дайырбек Париж Паралимпиадасына жолдама жеңіп алды
Бүгін Қазақстан пара спортшысы Темірхан Дайырбек академиялық ескек есуден Париж-2024 Паралимпиада ойындарына лицензия ұтып алды. Азия чемпионаты сәуірдің 18-21 күндері Оңтүстік Кореяның Чунджа қаласында өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше PR1m1X академиялық ескек есуден 2000 метр қашықтықты 9 минут 38.81 секундта өтіп, бірінші орынға ие болған Темірхан Дайырбек – 2004 жылғы, Түркістан облысының спортшысы. Пара академиялық ескек есумен 1 жылдан бері ғана кәсіби тұрғыда айналысып келеді. Оның жеке тренері Фаррух Хамракулов.
Бұл Париж-2024 Паралимпиадасына ұтып алған 12-нші лицензия. Бұған дейін пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара каноэдан Бибарыс Спатай, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама командасы, пара жүзуден 3 лицензия және пара таеквондодан Камиля Досмалова, Нышан Омирали, Нұрлан Домбаев алған болатын.
Айта кетсек Париж Паралимпиадасы тамыздың 28-і – қыркүйектің 8-і аралығында өтеді.